Павлодарда бойжеткен шаштараздың ақшасын төлемей қашып кеткен
Алайда оны тәртіп сақшысы ұстаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ирида» шаштараз ұжымынан Павлодар қаласының учаскелік полиция инспекторы Тілек Жұмалихановқа алғыс жазылған хат түскен.
– Салонда бір бойжеткен қызмет көрсетілгеннен кейін ақшасын төлемей қашып кетті. Біздің учаскелік полиция қызметкері бұл жанжалды шешуге көмектесті, кейінірек көрсетілген қызмет құны төленді. Үлгі тұрарлық қызметкер Тілек Жұмалихановке біздің өтініштерімізге жедел ден қойғаны, кәсіпқойлығы үшін алғысымызды білдіргіміз келеді, – деп жазды шаштараз ұжымы.
Сонымен қатар, шаштаразда бір жігіт бұзақылық жасап, есіктің құлпын сындырып кете берген. Мұнымен шектелмей мас күйінде келіп, ақша талап еткен. Сабыры таусылған шаштараз ұжымы учаскелік бөлімге жүгінген. Тәртіп сақшысы онымен профилактикалық әңгіме өткізгеннен кейін бұзақы шаштараз ұжымын алты айдан астам уақыт мазалауды қойған.
Департаментте учаскелік полиция департаментінің жұмысы –қарапайым қызметтік міндеттерді орындау ғана емес, сонымен қатар азаматтардың қауіпсіздігін күнделікті бақылау екенін айтады.