Павлодарда бұрын сотталған азаматтарға жұмыс табуға көмектесуде

Павлодарда бұрын сотталған азаматтарға жұмыс табуға көмектесуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Жаңа жол» акциясы аясында оларды қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, акция барысында учаскелік полиция инспекторлары азаматтарға медициналық тексеруден өтуге, қажетті құжаттарды рәсімдеуге, мемлекеттік қызметтерді алуға және әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектеседі.

Сонымен қатар қатысушыларға психологиялық қолдау көрсетіліп, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысуға және тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріледі.

– Әр адамға өмірін жаңадан бастауға мүмкіндік берілуі тиіс. Егер ол заңды сақтап, адал еңбек етіп, қоғамның толыққанды мүшесі болуға дайын болса, біздің міндетіміз – осы жолда оған қолдау көрсету. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана адамның бұрынғы өмір салтына қайта оралмауына ықпал ете аламыз, – деді Павлодар қаласы Полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімінің №13 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы Марат Қалиев.

Ведомствода атап өткендей, акцияның басты мақсаты – бұрын сотталған азаматтардың заң талаптарын сақтап, қоғамға қайта бейімделуіне және жаңа өмір бастауына жағдай жасау.