Павлодарда шығармашылық саланың үздік мамандары бағалы сыйлықтарға ие болды

Павлодарда шығармашылық саланың үздік мамандары бағалы сыйлықтарға ие болды

Бірнеше күнге созылған байқау мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында облыстық «Uzdik maman 2024» байқауының қорытындысы шығарылды. Байқау бес мамандық – ағаш ұстасы, фотосуретші, кондитер, сәулетші, визажист бойынша өткізілді. Республика күні қарсаңында бағыттар арасында жеңімпаздар анықталды. Жастарға қызмет көрсету орталығының басшысы Жандарбек Қабдраштың сөзінше, өтінімдер қыркүйектен бастап қабылданды. Іріктелген адамдардан 50-ден астам қатысушы өзара бақ сынасты. 

– Осы шараны жыл сайын өткіземіз. Былтыр барлық бағыттар бойынша жарысты бір күнде ұйымдастырған едік. Биыл бірнеше кезең мен күндерге бөліп тастадық,– деді Жандарбек Қабдраш. – Байқауға 14 пен 35 жастағы Павлодар облысының тұрғындары қатыса алды. Қазылар алқасына бағыттарға бейінді тұлғалар кіріп, мамандықтарға қатысты критерийлер бойынша баға берді.

Павлодар технологиялық колледж студенті, белгілі ресейлік кондитер Ренат Агзамовтың «Кондитер дети» бағдарламасының жартылай финалисі 15 жастағы Асылжан Мейрам облыс деңгейінде өткізілген байқауға бірінші рет қатысты. Ол кондитер бағытындағы жарыста шоколад пен шие қосылған «Черный лес» тортын пісірді.

– Бірінші күні торттың тәтті нанын пісіріп, екінші күні безендірдік. Уақыт бойынша шектеулер болған жоқ. Торттың үстіне тәуелсіздіктің нышаны ретінде ту, елтаңба, бәйтерек суреттерін орналастырып, кремін тудың түсіне боядым,– деді Асылжан Мейрам. – Торт дайындау кезінде еш қиындықтар туындаған жоқ. Бәрі ойдағыдай шықты. 

Асылжан кондитерлік іспен 8 жасынан бастап айналысып келеді. Анасы мен тәтесіне асүйде көмек етіп жүргенде қызығушылығы оянған. Болашақта жас кондитер өз ісін ашып, дамытқысы келеді. 

Ал визажист бағыты бойынша қатысқан хэйр-стилист, визажист маманы Жанел Бабашева бұл салада жүргенін бес жыл болды. Байқаудың шарттары бойынша алдымен жеңіл нюд макияжын, кейіннен ұлттық нақышты қоса отырып, этно стильдегі кешкі макияж жасау керек еді. 

– Негізгі акцент бетке болады. Қазақ қыздары қарапайым болғандықтан, бізге қатты, жарқын макияж аса қатты жараса қоймайды. Сол себепті мен өзім таңдаған образым қатты көзге түсерліктей болған жоқ, бірақ әсерлі болып көрінді,– деді Жанел Бабашева.

Алайда жарыс күнінің алдында қатысушы біраз қиындыққа тап болды. 

– Алдын ала модельмен келісіп қойсам, ең соңғы сәтте байқауға қатысудан бас тартты. Маған бір күн бұрын жаңа модельді іздеуге тура келді. Алдыңғы қыздың келбетіне ұқсастау модельді тауып, жарыс күнінде қыздың бет бейнесіне қарап макияжды ойдан шығаруға тырыстым. Ал бұған дейін дайындалуға бір апта уақыт болды. Сондықтан да дәл байқауда форс-мажорлық жағдай орын алды,– деді визажист.

Оның сөзінше, визажисттерге алғашқы кезеңде 45 минут, ал екінші кезеңде 25 минуттай уақыт берілді.

Байқаудың қорытындысына сәйкес кондитерлерге жүлделі орын алған қатысушыларға плита, мультипісіргіш, микротолқынды пеш, фотосуретшілерге софтбокс, фотоаппарат, рюкзак, визажисттерге бьюти кейстер, сәулетшілерге 3D қалам, ақылды колонка, ағаш ұсталарына фрезерлік станок сыйға берілді.

Кондитер бағытында Асылжан Мейрам, сәулетші бағытында София Беген, визажист бағытында Жанел Бабашева, фотосуретші бағытында Валерия Решетникова, ағаш ұстасы Эмирбек Эркинбеков алғашқы орындарға ие болды.