Павлодарда дәрігерлер науқасты он жылға жуық мазалаған дерттен құтқарды
Павлодар қалалық №1 ауруханасының шұғыл хирургия бөлімінің дәрігерлері өт жолдарына күрделі реконструктивті операция жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
56 жастағы павлодарлық Галина Седагулова 15 шілде күні шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған өт-тас ауруы мен өт жолының қайта тарылуына байланысты тастардың қайта түзілуі диагнозын қойған.
Шұғыл хирургия бөлімінің меңгерушісі Ерлан Жағапаровтың айтуынша, науқастың сырқат тарихы 2016 жылдан басталады. Сол кезде оған шұғыл түрде өт қабын алып тастау және өт жолдарындағы тастарды алу операциясы жасалған. Кейін өт жолының тарылуына байланысты реконструктивті ота жасалып, өт жолы ішекпен жалғанған (гепатикоеюноанастомоз).

Алайда үш жылдан кейін ауру қайта асқынған. Ол кезде Павлодарда мұндай күрделі реконструктивті операцияларды жасау мүмкіндігі болмағандықтан, науқас Астанадағы мамандандырылған медициналық орталықта ем қабылдап, тарылған өт жолы кеңейтілген. Ем нәтижелі болғанымен, арада бірнеше жыл өткен соң өт жолы қайта тарылып, тағы да тас пайда болған.
Павлодардағы ауруханаға түскеннен кейін жүргізілген тексерулер аурудың қайта асқынғанын растады. Дәрігерлер консилиум өткізіп, пациентке қайта реконструктивті операция жасау туралы шешім қабылдаған.

Ерлан Жағапаровтың айтуынша, мұндай хирургиялық араласуды эндоскопиялық әдіспен жасау мүмкін емес. Сондықтан ол тек ашық ота арқылы орындалады.
– Бұл техникалық тұрғыдан өте күрделі операция. Әдетте мұндай араласулар мамандандырылған медициналық орталықтарда ғана жасалады. Біз бұл операцияны орындап көрдік және бәрі сәтті өтті. Аурудың нақты себебіне жетіп, оны жоя алдық. Бұл – біздің үлкен жеңісіміз, – дейді бөлім меңгерушісі.
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған операция сәтті аяқталды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы, операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтуде. Бесінші тәулікте дренаждар алынып, науқасты оныншы күні ауруханадан шығару жоспарланып отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, қайта жасалған реконструктивті операция аурудың негізгі себебін жоюға мүмкіндік берген. Олар бұл науқасты көп жылдан бері мазалап келген дерттің қайталану қаупін барынша төмендетеді деп үміттенеді.
Мамандардың мәліметінше, мұндай күрделі операциялар өте сирек жасалады – жылына орта есеппен екі-үш рет қана орындалады. Оның құны стационардағы ем мен кейінгі оңалтуды есептемегенде шамамен 460 мың теңгені құрайды. Алайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған азаматтар үшін бұл медициналық көмек толықтай тегін көрсетіледі.