Павлодар облысында медицина саласындағы мамандардың қатары көбеюде
Жыл соңына дейін грантпен оқуын аяқтаған тоқсан жас дәрігер келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева мәлім етті.
– Облысымызда ғана емес, республика бойынша ең өзекті мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Бүгінде өңірде 160 дәрігер тапшылығы бар, оның ішінде 58 бейінді маман және 12 жалпы тәжірибе дәрігері. Аудандарда офтальмолог, хирург, акушер гинеколог, лор мамандары жетіспейді, – деп атап өтті Айгүл Мұқышева.
Оның сөзінше, биыл жергілікті бюджет қаражатынан резидентура бағдарламасы бойынша бейінді мамандарға облыс әкімінің атынан елу грант бөлінген.
– Жыл басынан облысымызға 119 дәрігер, оның ішінде 58 маман облыс әкімі грантымен оқуын аяқтаған резиденттер келді. 119 дәрігердің отызы бүгінде жұмыс істеп жатыр, қалғаны жылдың соңына дейін ауруханаларға жұмысқа орналасатын болады,– деп түсіндірді спикер.
Айгүл Мұқышева мамандар тапшылық мәселесін студенттердің ұзақ оқу мерзімімен байланыстырып отыр. Бұрын оқу орынды аяқтағаннан кейін бір жыл тәжірибеден өтсе, қазір ол үш жылға дейін ұзарып, жалпы оқу мерзімі тоғыз жылды құрады. Сондай-ақ көп еңбек етіп жүрген дәрігерлердің зейнетке шығуы және мамандардың басқа қалаға, елге көшуі де кадр тапшылығына себепкер болуда.
Алайда облыста жас мамандарды тарту үшін жағдай жасалып жатыр. Биыл үздік тәжірибелер орталығына орналасқан дәрігерлер үшін жергілікті бюджеттің көтерме қаражатын төлеу көзделген. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары бойынша жас мамандарға – төлем бір миллион теңге, ал ауылдық жерлерде 1,5 миллион теңге көлемінде төлем жүргізіледі.
Дәрігерлердің біліктілігін арттыру және озық медициналық орталықтардың тәжірибесін зерделеу мақсатында екі жылдан бері шетелдік клиникаларда оқыту жүргізілуде.
– Биыл Санкт-Петербург қаласында тоғыз кардиологты медициналық зерттеу орталығында оқыту туралы келісімге қол қойылды. Минск қаласындағы Беларусь Республикасы Президенті іс басқармасының Алмазов атындағы республикалық клиникалық медициналық орталығында үш хирург оқытылады, – деді Айгүл Мұқышева.
Денсаулық сақтау басқармасы медициналық кадрлардың тапшылығын төмендетуге және ұсынылатын медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында жұмыс істейтін дәрігерлердің білімі мен тәжірибесін жетілдіруге бағытталған іс-шаралардың барлық кешенін қабылдайды.