Павлодарда жүзден астам дәрігер баспаналы болды

Павлодарда жүзден астам дәрігер баспаналы болды
Фото: автор

Облыс әкімі айтқандай, бұл істің басы ғана, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарымыздың Иса Байзақов, 151/2 мекенжайы бойынша медколледж студенттері мен жас дәрігерлерге арналған жатақхана ашылды. Облыс әкімі Асайын Байханов ғимараттың ішін қарап, болашақ және қазіргі дәрігерлердің тұрмыс жағдайымен танысты.  

2023 жылдың тамызы мен 2024 жылдың ақпанына дейін әкімшілік ғимараттан тұрмыс кешенін жасап шыққан мердігер ұйым «Павлодар Ремкоплекс» ЖШС директоры Марина Киеваның айтуынша, бұрынғы нысанның ішінде тек сыртқы қабырғалар ғана сақталған: ғимарат іші түгелдей қайта құрылды.

- Қасбет толығымен алмастырылды, кіреберіс орнатылды, жылыту торабы, электр, су, кәріз жүйелері толық ауыстырылды. Ғимараттың ішіндегі қабырғалардың барлығы құлатылып, 65 бөлмелік кешен салынды. Әрбір бөлмеде жеке санитарлық торап бар. Бірінші қабатта оқу залы, тренажерлер залы, коворкинг, асхана, тұрмыстық бөлме, душ орналастырылды, - дейді Марина Киева.

Медициналық колледжің бірінші курс студенті Алина Самсонова Абай облысынан оқуға келді. Оған бәрі ұнайды, мұнда оқуға да, ыңғайлы тұруға да барлық жағдай жасалған. Болашақта Алина Самсонова Павлодар облысында жұмыс істеймін деген ниетте.

Өзге өңірден келген тағы бір қонақ Рауян Анарханова. Ол қаламызға Астанадан келген, облыстық балалар ауруханасында реабилитолог-дәрігер болып істейді.

- Мұнда тұрмысқа да, жұмыс істеуге де ыңғайлы. Астанада медициналық университетті бітіріп, Павлодар облысының дамуына үлес қосудамын. Павлодар қатты ұнайды, адамдары сондай мейірімді: облыстық ауруханаға келгенімде мені сондай жылы қарсы алды, - дейді жас маман.

Облыс әкімі Асайын Байханов аса қажетті мамандықтар иелеріне қажет баспана құрылысы әрі қарай жалғасатынына сендірді.

Өз кезегінде Серім Сыздықов пен Гүлфаз Аубанова денсаулық сақтау саласының ардагерлері атынан облыс әкіміне алғыс айтты.

- Зор істі тындырудасыз, - деп өз сөзін бастады Серім Сыздықов. – Кезінде біз дәрігерлерімізге баспана қашан салынады деп армандадық. Мединститут түлектерін үлестіруге барған кезде құр қол қайтқан кездеріміз де болды. Өйткені, ешкім үйсіз жұмыс істегілері келмеді. Қазір болса, жастарымызға тамаша жағдай жасалынып жатыр.

Жатақхана 189 орынға жоспарланған. Олардың 121 орыны медколледж студенттеріне арналған. Жатақхананың алғашқы үш қабаты студенттерге, қалған екеуі – жас мамандар мен олардың отбасыларына берілген. Жоба құны 720 миллион теңге.