Павлодарда КамАЗ апатынан зардап шеккен ер адамның жағдайы белгілі болды

Павлодарда КамАЗ апатынан зардап шеккен ер адамның жағдайы белгілі болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Дәрігерлер науқасқа ота жасап, оның жағдайын тұрақты деп бағалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 8 қазанда 1996 жылы туған ер адам жедел жәрдеммен Г. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасына жеткізілді.

Тексеру кезінде дәрігерлер оның сол жақ балтыр сүйектерінің ығысуымен болған ашық сынығын анықтады. Науқасқа хирургиялық ота жасалып, медициналық араласу штаттық режимде өтті.

– 9 қазандағы жағдай бойынша науқастың жалпы жағдайы орташа ауыр, тұрақты деп бағаланады. Бұл операциядан кейінгі ерте кезеңге сәйкес келеді. Ол емдеуші дәрігердің бақылауында және қажетті ем қабылдап жатыр, – деп хабарлады басқармада.

Облыстық полиция департаментінде атап өткендей, 8 қазанда Жібек жолы көшесінде КамАЗ жүргізушісі қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, Shacman жүк көлігімен соқтығысқан. Қазіргі уақытта оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Аталмыш жол апатында ер адам КамАЗ жүк көлігінің кабинасында қысылып қалған еді. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар оны арнайы құралдардың көмегімен сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған болатын.