Павлодарда ел дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандылар бас қосты

Павлодарда ел дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандылар бас қосты
Константин Шелковтың фотосы

Әр облыстан келген 200-ден астам делегат Кемеңгер ауылында жүздесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының бастамасымен ұйымдастырылды. 

– Бұл форум – ауыл әйелдерінің қоғамдағы рөлін арттыруға, олардың әлеуметтік және экономикалық өмірдегі үлесін дәріптеуге арналған маңызды алаң. Ауыл – елдің алтын бесігі, ал ауылдың берекесі мен болашағы ең алдымен әйелдердің еңбегімен тығыз байланысты, – деді облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова. 

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауылды дамыту, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында нақты шаралар жүзеге асырылуда.

– Форумның басты мақсаты – ауыл әйелдерінің қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін күшейту, ауыл өмірін дамытудағы рөлін айқындау. Форумға еліміздің әр өңірінен, атап айтқанда Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Алматы, Атырау және Павлодар қалаларынан 200-ден астам делегат қатысып отыр, – дейді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқарма басшысының орынбасары Айнұр Раисова. 

Оның сөзінше, олардың қатарында ауыл шаруашылығы саласында табысқа жеткен кәсіпкерлер, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген белсенді әйелдер, мемлекеттік қызметшілер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. 

– Ауыл әйелдері – елдің тірегі. Олардың жауапкершілігі, еңбексүйгіштігі, төзімділігі – ауылдың ғана емес, тұтас елдің дамуының кепілі. Біз әйелдерге тек марапат емес, нақты мүмкіндік беруіміз керек. Бұл форум – сол жолдағы маңызды қадам, – деді ҚР Президентінің жанындағы ұлттық комиссияның мүшесі, «Ауыл» партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары Айгерім Сәрсенбаева.

Оның айтуынша, форум Атырау облысынан бастау алып, бүгінде Павлодар қаласында жалғасын тауып отыр. Алдағы уақытта мұндай жиындар Қызылорда мен Алматы облыстарында ұйымдастырылып, қорытынды форум Ақмола облысы, Ақкөл қаласында өтеді деп жоспарлануда.

– Бүгінгі әлем – цифрлық дәуір. Президентіміз жасанды интеллект, цифрлық экономика туралы айтты. Бұл – ертең емес, бүгінгі шындық. Сондықтан ауыл әйелдері де осы үдерістен шет қалмауы тиіс, – деді «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейітжанов. 

Ол сондай-ақ ауыл мен қала арасындағы білім мен ақпарат теңдігін қамтамасыз ету – ел болашағының кепілі екенін атап өтті.

Форум аясында Павлодар облысының әр ауданынан келген 13 белсенді ауыл әйелі арнайы марапаттарға ие болды. Олар – ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет және кәсіпкерлік салаларында айрықша табыстарға жеткен жандар.