Екібастұз мүсіншісінің авторлық жұмыстарына шетелдіктер қызығушылық танытуда
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары шеңберінде өтіп жатқан көрмеде мүсінші Баян Қайнышеваның авторлық жұмыстарын тамашалауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұғалім, Еуразия дизайнерлер одағы, қазақстандық «Бабалар аманаты» дизайнерлер одағы мүшесінің туындыларынан адал махаббаттың, сыйластық пен сүйіспеншіліктің лебі еседі. Он саусағынан өнер тамған шебер тек мүсіндеу ғана емес, тоқыма, тігіншілік, киіз басу, сәндік қолданбалы өнер түрлеріне ден қойған. Көпшіліктің ерекше назарын аударған жұмыстардың бірі – Естай Беркімбайұлының мүсіні.
– Көрмеде ұсынылған бұйымдар мен картиналар ұлттық нақышта керамика, гипс, пластик, жүннен жасалған. Шетелдіктер әсіресе керамикаға көп көңіл аударды. Олар бұл жұмыстарға құдды бір жан біткендей әсер қалдыратынын айтады. Оның ішінде екі жұмысымды американдық азамат сатып алды. Сондай-ақ Моңғолия мен Қырғызстаннан келген азаматтар, астаналық тұрғын таң қалыстарын білдіріп, картиналар алды, – дейді Баян Қайнышева.
Мүсіншінің қайталанбас авторлық жұмыстарының ішінде әртүрлі образдағы күлімсіреген дана қарияның, әже мен баланың, ұяң қалыңдықтың бейнелерін көруге болады.
– Менің басты мақсатым – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, болашақ ұрпаққа мұра ретінде қалдыру. Бір байқағаным, өнерге деген қызығушылығы зор адамдар баршылық, – дейді ол.
Баян Қайнышева 1965 жылы Ақкөл-Жайылмада туған. Екібастұздың педагогикалық училищесін, Павлодардағы Инновациялық Еуразия университетін тәмамдаған. Көркем еңбек пәні мұғалімі, жалпы еңбек өтілі 40 жылдан астам, №22 гимназия-мектебінде 37 жыл жұмыс істеген.
2009 жылы Абай Құнанбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Естай Беркімбаев, және Мұхтар Әуезовтің бюстерін жасаған. 2010 жылы дайындаған бүркітші, әже, қалыңдық, орыс қызы мүсіндері бүгінде мұражай қонақтарын қуантуда. Ерейментау қаласындағы Үмбетей жырау ескерткішінің, Баянауыл ауданындағы Жүсіпбек Аймауытовтың мүсінінің, Астана қаласының № 49 мектебіндегі Алаш қайраткері, драматург Қошке Кемеңгерұлы бюстының авторы. Бесаспап жанның алғашқы туындысы – әкесінің шағын мүсіні. Кішігірім сол мүсін үлкен өнерге жол ашқан.
Көптеген республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдесіне ие болған. 2020 жылы «Білім беру ісінің үздік педагогы-2020» атты республикалық байқаудың жеңімпазы атанған. «Педагог әлемі-2020» атты II халықаралық педагогикалық байқауының «Үздік заманауи сабақ» номинациясының I орын иегері. 2021 жылы Баян Қайнышева туралы «Ана мейірімі» деп аталатын кинодерек түсірілген. 2023 жылы Павлодар облысы әкімінің «Облыс алдында сіңірген еңбегі» үшін медалімен марапатталған.