Павлодарда «Ertis Promenade» гимні шырқалады
Әні мен сөзі жарты жылға жуық жазылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
1 маусымда жазғы концерттер маусымы павлодарлықтар үшін ерекше басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева мәлім етті.
– Былтыр маусымның жабылуына дайындалып жатқанда қызықты ой туындады. Гимн екі тілде орындалады. Сөзі мен әні жарты жылдай ретке келтіріліп, жазылды, – деді ол. – Бізде концерттер кезінде талай рет сөз салу болды. Ерке Есмахан мен Раймның махаббаты Павлодардың бас сахнасынан бастау алды. «Ertis Promenade»-тың гимні талай отбасының құрылуына себепші болады деп сенеміз, – деді Светлана Гладышева.
Гимнді қазақстандық композитор Ғалымбек Исембергенов жазды.
Еске сала кетейік, «Ertis Promenade» маусымында елге танымал жұлдыздар өнер көрсетпейді. Бас сахнада жергілікті әртістер шығармашылығын шыңдайтын болады.