Елордада ақсулық «ерекше» суретшілердің картиналары қойылды

Елордада ақсулық «ерекше» суретшілердің картиналары қойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шараны Ақсу қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Астанадағы «HAS SANAT» сурет галереясында «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақсу қалалық филиалымен бірлесіп, «Ақсу толқыны» жазғы мәдени-сауықтық жобасы аясында «Жанарымдағы жарық күн» атты қайырымдылық көрмесі өтті. Көрмеге мүмкіндігі шектеулі суретшілердің 34 картинасы қойылған.

«Жанарымдағы жарық күн» атты көрменің мақсаты – денсаулығында кінәраты бар дарынды азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту, қатысушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру, тактильді қабылдауды, қиялды және ұсақ моториканы дамыту арқылы адамдардың физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан өнерге бейімдеу, өз қабілеттеріне сенімділікті нығайту.

Қазіргі таңда қоғамдық бірлестіктің құрамында 67 көзі нашар көретін адам бар. Бастауыш ұйым жетекшісі – Қанат Байқуатов. Қоғамдық өнердің жетекшісі – белгілі қазақстандық суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Гиннестің рекордтар кітабының иегері, «Россия» телеарнасындағы «Удивительные люди» жобасының финалисі Ренат Елубаев. Оның айтуынша, әрбір картина шараға қатысушылардың көңіл-күйін көрсетіп, ішкі тәжірибе толқынын білдіреді.

– Пабло Пикассоның атақты сөзі бар: «Кескіндеме мен сурет – зағиптардың кәсібі. Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді». Меніңше, бұл сөздерде терең шындық жатыр. Өйткені, шынайы өнер ішкі жан дүниеден туады. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың туындыларында айқын көрінеді, – дейді Ренат Елубаев.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медығат Манаповтың айтуынша, көрме елорданың мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. Қонақтардың қатарында астаналық суретшілер де, Еуропадан келген өнер сүйер қауым да болды. Шетелдіктер ақсулық 'ерекше' шеберлердің шығармашылық ізденістеріне тәнті болып, олардың туындыларын шетелде де көрсету идеясы туды. 

Ақсулық суретшілердің «HAS SANAT» сурет галереясындағы көрмесі 11 тамызға дейін жалғасады.