Ертіс ауданының құрметті азаматы: «Біздің басты міндетіміз– біртұтас халық болу»
Ол үшін қоғамның даму үрдісінен артта қалмау керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Тәуелсіздік күні өткен тарихымызға көз салып, қайта бағамдау маңызды. Ертіс ауданының құрметті азаматы, ақын, публицист Самат Мәненов осындай пікірде.
– Данышпан Абай өзінің 15-ші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал» деп өз заманында біліп айтқан. Біз жіберілген қателіктерді ескереміз, өткеннен сабақ аламыз және мемлекеттік саясат пен қоғамдық дамудың барлық бағыттарын мұқият түзете отырып, ағымдағы процестерді объективті бағалаймыз,– деп атап өтті Самат Мәненов.
Оның сөзінше, қазір біздің басты міндетіміз – сыртқы факторлардың әсеріне, ақпараттық прокси-шабуылдарға және ішкі деструктивті күштердің әртүрлі көріністеріне қарамастан, біртұтас халық болып қалу. Ол үшін заңды сақтап, мемлекеттік тәртіпті құрметтеп, ақпараттық қауіпсіздік қағидаттарын ұстанып, адам құқықтарын сақтау керек.