Павлодарда «Grand Tour Biathlon» чемпионатының кезеңі ашылады
200-ге жуық спортшы бақ сынайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 1–7 наурыз күндері биатлоннан жасөспірімдер арасындағы «Grand Tour Biathlon» Қазақстан Республикасы чемпионатының үшінші кезеңі өтеді. Жарыстың ресми ашылу салтанаты 3 наурыз күні сағат 16:30-да басталады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл жоба балалар мен жасөспірімдер спортындағы бірегей бастама саналады. Дода форматы Биатлоннан әлем кубогы стандарттарына барынша жақындатылған.
– «Grand Tour Biathlon» маусымы бес кезеңнен тұрады: үш қысқы және екі жазғы. Қорытынды кезең жыл сайын Астана қаласының Орталық саябағында ұйымдастырылады. Маусым нәтижесі бойынша үздік бестікке енген өңірлерге Федерация тарапынан жалпы құны 10 миллион теңгені құрайтын ақшалай сертификаттар табысталады. Қаражат аймақтардағы балалар спортына қажетті жабдықтар алуға бағытталады. Өткен маусымда Павлодар облысы 1,5 миллион теңге көлеміндегі сертификат иеленген, – деді ведомствода.
Рейтингте көш бастаған үздік биатлоншылар атаулы хрусталь кубоктармен және демеушілер сыйлықтарымен марапатталып, италиялық бапкер Лука Бормолинимен бірге жаттығу мүмкіндігіне ие болады.
Биылғы кезеңге еліміздің 11 өңірінен 200-ге жуық жас спортшы қатысады. Бағдарламаға сәйкес, 3 наурызда спринт, 4 наурызда индивидуалды жарыс, 6 наурызда достық эстафетасы өтеді. Жарыс Павлодар қаласындағы «Зеленая Роща» шағын ауданында ұйымдастырылады.