Халықаралық таэквондо чемпионатында павлодарлық спортшылар үздік атанды

Турнирге сегіз жүзден астам спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Теміртау қаласында «Best of the Best» халықаралық таэквондо турнирі өтті. Чемпионат екі бөлім бойынша ұйымдастырылды: массоги (спарринг) және тули (формальді кешен).
Аталған турнирге Қазақстанның әр өңірінен және ТМД елдерінен 800-ден астам спортшы қатысты. Олардың қатарында Павлодар қаласының Қаһарман ГТФ Таэквондо мектебінің 19 спортшысы өнер көрсетті.
Павлодарлық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше жүлделі орындарға ие болды. Массоги бөлімінде Нұрасыл Кизат, Мади Билялов, Жан Шингажинов және Әділхан Мейірханов чемпион атанып, алтын медаль мен арнайы кубоктарға ие болды. Сондай-ақ басқа спортшылар да алтын, күміс және қола медальдар жеңіп алды. Тули бөлімінде Алтынай Оразова мен Таир Мереке қола жүлдегер атанды.
Турнирдің маңызды кезеңдерінің бірі – әр санаттың үздіктері арасында өткен «Үздіктің Кубогы» үшін жарыс болды. Бұл сында павлодарлық төрт спортшы: Нұрасыл Кизат, Мади Билялов, Жан Шингажинов және Әділхан Мейірханов жеңімпаз атанды.
Қаһарман мектебінің бас бапкері Артем Граблев жарыс нәтижелеріне қатысты өз пікірін білдірді.
– Бұл жарысқа біз бір ай бойы дайындалдық. Павлодар облысының ең мықты спортшыларын іріктедік. Дайындық жоғары деңгейде өтті, спортшылар күн сайын екі мәрте жаттықты. Билялов Мади алғаш рет осындай ауқымды жарысқа қатысып, тамаша нәтиже көрсетті. Ал Мейірханов Әділхан – таэквондо ГТФ бойынша спорт шеберіне кандидат, барлық үш жекпе-жекте айқын жеңіске жетіп, өзінің жоғары шеберлігін дәлелдеді, – деді Артем Граблев.
Команда жаттықтырушысы мен спортшылар алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, Қазақстанның туын халықаралық ареналарда желбіретуді мақсат етіп отыр.