Павлодарда «Иртыш» саяжай алқабы жеке тұрғын үй құрылысына берілмейді
Әкімдік бұл саяжайға қатысты егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жоятын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының әкімдігінің атына бау-бақшалардың мәртебесін ЖТҚ-на ауыстыру жөнінде көптеген өтініштер келіп түскен болатын.
– Бүгінде Павлодар қаласының шекарасында 17 бау-бақша бар. Оның ішінде ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 12 маусымдағы № 337 қаулысымен бекітілген Бас жоспарға сәйкес «Сосновый бор», «Весна» және «Иртыш» саяжай алқаптарының аумағы жеке тұрғын үй құрылысына жатқызылды,– деп хабарлады қалалық сәулет және құрылыс бөлімінде.
Биыл «Сосновый бор» және «Весна» саяжай алқаптарына қатысты түзету бекітілді. Оған сәйкес көшелердің кеңеюін ескере отырып, әлеуметтік нысандар алынып тасталды. Бұл ретте, осы бау-бақша шаруашылықтарын ЖТҚ-на ауыстыру көшелердің кеңеюін ескере отырып, инженерлік коммуникациялар тартылғаннан кейін жүргізілетін болады.
– «Иртыш» саяжай алқаптарына қатысты, инженерлік коммуникацияларды жүргізу, сондай-ақ көлік қозғалысын ұйымдастыру үшін көшелерді кеңейтудің мүмкін еместігіне байланысты Павлодар қаласының әкімдігі «Иртыш» бау-бақша шаруашылығын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жою туралы шешім қабылдайтын болады,– делінген хабарламада.
Басқа 14 саяжай алқаптарының аумағы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қарастырылмаған және бау-бақша мәртебесінде қалады.