Жылу тұрақтылығы бойынша Павлодардағы №1 ЖЭО-да қандай өзгерістер орын алды?
1964 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан электр станциясы бүгінде өнеркәсіптік кәсіпорындар мен қала тұрғындарын энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ERG құрамына кіретін «Қазақстан Алюминийі» АҚ филиалы – электр станциясында 2026 жылғы инвестициялық бағдарлама аясында энергетикалық жабдықтарды жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Станцияның белгіленген электр қуаты 350 МВт, қолда бар қуаты 295 МВт болса, жылу қуаты сағатына 1182 Гкал құрайды. Негізгі жабдықтар құрамында сегіз энергетикалық қазандық пен алты турбоагрегат бар.

Кәсіпорын Павлодар алюминий зауыты мен басқа да өндірістік тұтынушыларды электр энергиясымен және технологиялық бумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жылыту және желдету жүйелеріне арналған ыстық су өндіреді, сондай-ақ қаланың оңтүстік бөлігін жылумен жабдықтауға қатысады.
2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама қазандық жабдықтарын жөндеуге, тозған бөлшектерін ауыстыруға және энергетикалық нысандардың техникалық жағдайын жақсартуға бағытталған.
– 2026 жылы № 2 және № 5 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізілді. № 8 қазандық агрегатындағы кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, № 1 қазандық агрегатында жоспарлы ағымдағы жөндеу орындалды. Турбиналық жабдықтарда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Күрделі жөндеуден кейін № 5 турбина іске қосылды, ал № 1 турбинадағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, бойлер тобы жылыту маусымына дайындалды, түтін мұржасын жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, – дейді электростанция операциялық директоры Василий Новоселов.

Инвестициялық бағдарлама аясында қазандықтардың негізгі тораптарын жөндеуге және тозған бөлшектерін ауыстыруға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, № 2 және № 5 қазандық агрегаттарының су экономайзерлері, сондай-ақ № 2 және № 8 қазандықтардың ауа қыздырғыш блоктары ауыстырылды.
Су экономайзері қазандыққа берілетін суды түтін газдарының жылуы есебінен алдын ала қыздыруға арналған. Ал ауа қыздырғыштар жану процесіне қажетті ауаны қыздырады. Бұл жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуі қазандықтардың тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Сондай-ақ күл құбырларын жөндеу және № 6 қазандық агрегатының жеңді сүзгісін жұмыс жағдайында ұстау жұмыстары жалғасуда.
Су экономайзерлері – пайдалану барысында ақаулар жиі кездесуі мүмкін тораптардың бірі. Сондықтан оларды ауыстыруға және істен шығуға әсер ететін факторларды жоюға басымдық беріліп отыр. Мұндай шаралар жабдықтардың сенімділігін арттыруға, апаттық жағдайлардың алдын алуға және жоспардан тыс тоқтап қалу уақытын қысқартуға бағытталған.

Жөндеуаралық кезеңдерде де станцияда апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Олардың нәтижесінде жабдықтар қалыпты жұмыс режиміне қайтарылды.
Жөндеу науқаны аясында турбиналық жабдықтардың техникалық жағдайын жақсартуға да басымдық берілді. № 5 турбинаға күрделі жөндеу жүргізіліп, электрондық реттеу жүйесі жаңғыртылды. Бұрынғы жүйе 2008 жылы орнатылғандықтан, уақыт өте келе оны техникалық сүйемелдеу мәселелері туындады. Жаңа шешім жабдықтарды жеткізушілер мен жөндеу жұмыстарын орындайтын мамандандырылған ұйымдарды таңдау мүмкіндігін кеңейтті.
– Бұрын қолданылған жүйеде басқа өндірушілердің жабдықтарын пайдалану мүмкіндігі шектеулі болатын. Енді қажетті бөлшектерді жеткізушілердің кеңірек тізімінен таңдап, ақау туындаған жағдайда жабдықты қысқа мерзімде ауыстыруға мүмкіндік бар. Бұл жөндеу жұмыстарын жеделдетіп, жоспардан тыс тоқтап қалу уақытын қысқартуға көмектеседі. Біздің міндетіміз – жабдықтардың жұмыс сенімділігін сақтап, жылыту маусымы бойы тұтынушыларды жылумен тұрақты қамтамасыз ету, – деді ЖЭО-ның техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі басшысы Сәлім Мақұлов.
Ал № 1 турбинада ауқымды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жұмыстар аясында ағынды бөліктің алты сатысын ауыстыру, бу жинау камерасына қатысты жұмыстарды орындау және генераторды жөндеу қарастырылған. Сонымен қатар, турбинаның конденсаторы ауыстырылған.
Кәсіпорында өндірістік жабдықтармен қатар инфрақұрылымдық нысандарға да назар аударылды. Биыл биіктігі 240 метр болатын № 3 түтін мұржасына жөндеу жүргізіліп, жоғарғы бөлігі ауыстырылды. Қазіргі уақытта жарықтандыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын.
Түтін мұржасы қазандықтарда отынның жануы нәтижесінде пайда болатын газдарды сыртқа шығаруға және олардың атмосферада таралуына арналған. Атмосфераға шығарылар алдында түтін газдары қазандықтарда орнатылған күл ұстау жүйелерінен өтеді.

Мұржаны жөндеу оның техникалық жағдайын тиісті деңгейде ұстап, қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.
Жөндеу және жаңғырту жұмыстарының негізгі нәтижесі – электр станциясының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Қазандықтар мен турбиналардың техникалық жағдайын жақсарту жылу өндіру мүмкіндігін сақтауға, жабдықтардың істен шығу қаупін азайтуға және жылыту маусымында белгіленген параметрлерді ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Станция жылу желілерінің диспетчерлік қызметі белгілеген температура мен қысым көрсеткіштеріне сәйкес жұмыс істейді. Ал жылуды нақты үйлер мен басқа да тұтынушылар арасында таратуға жылу желілері жауап береді.

Көмірмен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта станция қоймасында 164 мың тонна көмір бар. Бұл нормативтік 84 мың тонна қордан жоғары.
Жалпы, «Қазақстан Алюминийі» АҚ филиалы – электр станциясының инвестициялық бағдарламасы энергетикалық жабдықтардың сенімділігін арттыруға, тозған тораптарды жаңартуға және апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Жүргізіліп жатқан жұмыстар кәсіпорынның өндірістік тұрақтылығын сақтауға және тұтынушыларды жылу мен электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.