Павлодар ауданының елді мекенінде елеулі өзгерістер орын алуда

Ең бастысы – барлық жұмыстар қатаң кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мичурино ауылында жаңа мәдениет үйі салынуда, мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Жоспарларды табысты іске асырудың негізгі факторларының бірі — жергілікті мердігерлердің қатысуы, соның арқасында әр кезеңде сапа, жеделдік және жауапкершілік қамтамасыз етіледі.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының өкілдері депутаттармен бірлесіп, партияның Жол картасына енгізілген екі әлеуметтік маңызы бар нысанға көшпелі мониторинг жүргізді.
Мониторингтік топтың құрамында партия филиалы атқарушы хатшысының м.а. Айнұр Мұхамедьярова, облыстық мәслихат депутаттары Айдар Құрымбаев және Мирас Хамитов, қалалық партия атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықов, сондай-ақ Мичурин округінен аудандық мәслихат депутаты Мәдина Жұмадиева болды.
– Біз үшін жобаларды тек ұсыну жеткіліксіз. Маңыздысы – олардың орындалу барысын өз көзімізбен көріп, бюджеттен бөлінген әрбір теңгенің халық игілігіне жұмсалып жатқанын нақты бақылау, – деп атап өтті Айнұр Мұхамедьярова.
Маңызды нысандардың бірі – 250 орындық мәдениет үйі. Жоба «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бас мердігер – «Жардем» ЖШС. Жоба 15 ай ішінде іске асу керек. Нысан екі жылдық. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңі аяқталып, ЛЭП тіректері орнатылып, қазаншұңқыр қазылып, іргетас құю жұмыстары жүргізілуде.
– Халық қалаулысы ретінде бұл жобаның жүзеге асырылуын күнделікті бақылауда ұстап отырмын. Ауыл тұрғындары бұл нысанды көптен бері күтіп жүр, сондықтан біз олардың үмітін ақтауымыз қажет, – деді Мичурино ауылының депутаты Мәдина Жұмадиева.
Ал Мичуринская орта мектебінің ғимаратының күрделі жөндеуі басталды. Бұл мектепке соңғы 45 жылда алғаш рет ауқымды жөндеу жүргізілуде. Жұмыстарды «СТРОИТЕЛЬ» ЖШС атқаруда. Қазіргі таңда Б блогында электрмонтаж, әрлеу және жылыту жүйесін орнату жұмыстары қолға алынды. Жұмыстар 50 пайызға орындалды. Олар 22 тамызда аяқталады.
Жобалардың ашықтығын, сапасын және тиімділігін қамтамасыз ету үшін нысандарға тұрақты түрде бару, тұрғындармен кері байланыс орнату және мердігерлермен тығыз қарым-қатынас орнату аса маңызды.