Павлодарда кәріз құбырларының тозуы азаюда

Павлодарда кәріз құбырларының тозуы азаюда
Фото: Асия Серикова

Апат көрсеткіші нөлге дейін төмендеуі керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент қызметкерлері Елгин көшесі, 47 мекенжайына «Павлодар-Водоканал» ЖШС инвестициялық бағдарламасының орындалуын тексеру үшін келді.

Инвестиция көзі – тариф арқылы алынған кәсіпорынның өз қаражаты болып табылады. Инвестициялық бағдарламаның құны үш миллиард теңгені құрайды, бүгінгі күнге екі миллиард теңгеден астам қаржы игерілді.

Биылғы жобаның бірі – Елгин көшесі, 47 мекенжайындағы тұрғын үйден кәріз коллекторының құрылысын жөндеу. Жобаның құны – 129 миллион теңге. Құбыр ұзындығы жарты шақырым болып, көпқабатты үйлер мен Екінші Павлодардың жер үй секторының ағынды суларын жинайды. 1968 жылы салынған кәріз желі шойын құбырлардан жасалғандықтан, жылына 20- ға жуық апат болған.

– Шойын құбырларының қызмет ету мерзімі - 30 жыл. Олар өз мерзімінен екі есе көп жұмыс істеп шыққан. Осыған байланысты олар лай мен қоқысқа толып кеткен. Сондықтан біз ескі құбырды тығыздығы төмен полиэтиленнен жасалған құбырға ауыстыруды жөн көрдік. Оның қызмет ету мерзімі – 50 жыл, – деп түсіндірді «Павлодар-Водоканал» ЖШС директорының орынбасары Валерий Филяев.

Жалпы қала бойынша кәріз желілерінің тозу деңгейі 80%, су желілерінің жағдайы 20 пайызға ғана жақсы деңгейде.

– Біз желілердің тозуын кем дегенде бір пайызға азайтуға тырысамыз. Мемлекет басшысы тозуды 15 пайызға дейін төмендету міндетін қойып отырғандықтан, мұның жеткіліксіз екенін түсінеміз. Менің ойымша, 5-7 жылдың ішінде төтеп бере аламыз, –деді спикер.

Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Айта кетерлігі, инвестициялық бағдарлама 2021 жылдан бері жұмыс істейді және оны жүзеге асыру аясында «Павлодар-Водоканал» ЖШС полиэтилен құбырларын белсенді пайдалануда. Бүгінде Павлодарда төрт учаскеде құбырлар ауыстырылуда.