Екібастұздық екі спортшы үлкен теннистен Ыстамбулдағы халықаралық турнирге қатысады
Шаһарда теннис секциясына 500-ден астам спортшы қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Үлкен теннис – әлемдегі танымал спорт түрлерінің бірі, сонымен қатар олимпиадалық спорт түрі.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Екібастұз үлкен теннис үшін сапалы инфрақұрылымы бар санаулы қалалардың бірі екенін атап өтті..
Осыған қажетті жағдай жасау үшін көп қаражат салған жергілікті кәсіпкер Тасболат Абгужиновтың еңбегі зор.
– Біздің теннис орталығы – бұл жеке жоба ғана емес, Қазақстан теннис федерациясының аккредитациясынан өткен жоба. Ал федерация халықаралық теннис ұйымдарымен ынтымақтастықты дамыту мәселелерінде республиканың өкілетті өкілі болып табылады. Сондықтан біздің қаламыздың әлемдік теннис картасында бар екенін мақтан тұтамыз, – деді Аян Бейсекин.
Тәжірибелі жаттықтырушылар құрамының арқасында спортшылардың арасында үлкен әлеуетке ие және халықаралық аренада жақсы нәтижелер көрсететін тәрбиеленушілер бар.
Олардың қатарында Гүлден Азаматқызы және Ясмин Дүйсембаева бар.
Ясмин Дүйсембаева – 2021 жылғы ҚР чемпионы, Испаниядағы Tennis Europe 2023 турнирінің чемпионы, сондай-ақ Хорватияда өткен Dubrovnik Dub bowl 2024 чемпионатының жұп разряд чемпионы және қола жүлдегері.
Гүлден Азаматқызы – Қазақстан кубогының қола жүлдегері, ATF Qatar 2023, ATF Астана 2024 чемпионы.
Қазір Гүлден мен Ясмин қараша айында Ыстамбұлда өтетін маңызды Tennis Europe халықаралық турниріне дайындалуда, онда олар жұпта өнер көрсетеді.
– Біздің теннисшілердің жаттығуына қатысып, алдағы халықаралық турнирлерге дайындықтарын байқадым. Спортта еңбек пен тәртіп маңызды. Спортшы қыздарымызға көтеріңкі көңіл-күй, нәтижелі жаттығулар тілеймін. Сөзсіз жеңіспен оралатындарына сенім білдіремін. Өз тарапымыздан спортшыларымызға қажетті қолдау көрсетеміз, – деді қала әкімі.
Аян Бейсекин Екібастұз қаласында үлкен теннис спорт түріне деген қызығушылық жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда теннис секциясына 500-ден астам тәрбиеленуші қатысады.