Жылу, су, жол: Павлодар облысының тұрғындары қандай жаңартуларды көріп отыр
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі болып қала беруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Астанада Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде өңірде инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып жатқанын, олардың тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және коммуналдық жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жалпы сомасы 26,2 миллиард теңгеге 37 шақырымнан астам жылу желілері салынды, қайта жаңғыртылды және жөнделді, сондай-ақ 23,8 шақырым желіде гидравликалық сынақтар жүргізілді.
Павлодар мен Екібастұз қалаларында жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайтын үш ірі жылу магистралі – ЖМ-20А, ЖМ-2 және ЖМ-7 толық жаңартылды. Бұл апаттық жағдайлар қаупін азайтып, 30 мыңнан астам тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Өңірде жылумен қамту желілерінің тозу деңгейі 1,5 пайызға төмендеді – 79,7 пайыздан 78,2 пайызға дейін. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 1437,9 шақырымды құрайды.
Сонымен қатар су жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл салада жалпы құны 12,1 миллиард теңгені құрайтын 25 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 8,2 миллиард теңгеге 18 жоба қалаларда, ал 3,8 миллиард теңгеге жеті жоба аудандарда іске асуда. Жыл қорытындысы бойынша қала және ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді деп күтілуде.
Жол инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл өңірде 43,4 миллиард теңгеге республикалық маңызы бар 196 шақырым автомобиль жолы жөнделді. Сонымен қатар 27,6 миллиард теңгеге жергілікті маңызы бар 445 шақырым жол, оның ішінде елді мекендердің көшелері жаңартылды. Атап айтқанда, 14,5 миллиард теңгеге 245 шақырым облыстық және аудандық жолдар, 13,1 миллиард теңгеге 202 шақырым елді мекен көшелері жөндеуден өтті.
Облыс орталығында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда атқарылған жұмыстардың көлемі 52 пайызды құрайды. Жобаны аяқтау 2027 жылға жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 71,4 миллиард теңге, мердігер ұйым – «Қазақдорстрой» ЖШС.
Қалалардағы жайлы өмір сүрудің маңызды факторларының бірі – қоғамдық көлікті дамыту. Соңғы екі жылда облыста 268 автобус жаңартылды. Бүгінде өңірдің үш қаласындағы қоғамдық көліктің 90 пайызы заманауи үлкен сыйымдылықтағы автобустардан тұрады: Павлодарда – 169, Екібастұзда – 49, Ақсуда – алты автобус. Жыл соңына дейін жаңа автобустар саны 279-ға дейін жеткізілмек.
Өткен жылы Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту басталды. Дайындық жұмыстары 2024 жылдың қыркүйегінде басталып, 2025 жылдың сәуір айынан бастап әуежай техникалық жағынан күрделі кезеңдерді жүргізу үшін жабылды. Қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтау 2026 жылдың шілде-тамыз айларына жоспарланған. Жобаның құны – 16,4 миллиард теңге.
Сондай-ақ өңірдегі теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қаражаты есебінен Ақсу теміржол вокзалы, сондай-ақ Қалқаман, Шідерті, Қарасор және Бозшакөл станциялары жаңғыртылуда. Жобалардың жалпы құны – 583 миллион теңге. Ақсудағы жұмыстарды 2026 жылы аяқтау жоспарланса, станциялардағы жаңарту биылғы жылдың соңына дейін тәмамдалады.