Павлодарда көлікті соққан жүргізуші оның залалын өтеуден қашпақ болған
Құқық бұзушы басқа біреу оның көлігін ұрлап, жол-көлік оқиғасына қатысқан деп өзін ақтағысы келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Іс материалдары бойынша, Генерал Дүйсенов көшесінің бойындағы тұрақ орнында «ГАЗ-3110» маркалы автокөлігінің жүргізуші қауіпсіз жылдамдықты сақтамай, тұрақта тұрған «Лада 21901» көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі көлік бүлінген.
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен «ГАЗ-3110» жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі, 611-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 169 050 теңге сомасында айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
«Лада 21901» көлігінің қалпына келтіру құны 454 100 теңгені құрады. Осыған байланысты талап қоюшы жауапкерден көрсетілген соманы өндіруді сұрады. Алайда құқық бұзушы соманы өтеуден қашпақшы болып, оның көлігін біреу ұрлап, соқтығысқан деп айтып, апелляциялық шағым түсірген . Тұрғынның уәжі тексеріліп, сотпен негізсіз деп танылды. Себебі көлік ұрлау фактісі бойынша құқық қорғау органдарына жүгінуі бойынша ешқандай дәлел келтірілмеген.
Алқаның қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Қаулы заңды күшіне енді.