Павлодарда әйеліне пышақпен шабуыл жасаған тұрғын сотталды

Павлодарда әйеліне пышақпен шабуыл жасаған тұрғын сотталды

Қылмыскерден моральдік шығын қоса өндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қылмыстық істер жөніндегі облыстық мамандандырылған ауданаралық сотта денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру туралы іс қаралды.

Тергеу мәліметтері бойынша, 2022 жылдың қараша айында Назарбаев даңғылы мен Амангелді көшесінің қиылысында павлодарлық жұбайынна пышақ жарақаттарын салған.

Прокурор сотталушыны кісі өлтіруге оқталғаны үшін, яғни ҚР ҚК 24-бабының үшінші бөлігі және 99-бабының бірінші бөлігі бойынша кінәлі деп тануды сұрады.

Айыпталушы сотта әйелін өлтіруге деген ниеті болмағанын айтты. Сондықтан ол өзінің іс – әрекетін онша ауыр емес бапқа яғни ҚР ҚК 106-бабының бірінші бөлігі бойынша саралауды және бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Жәбірленуші сотталушыны қатаң жазалауды, оның ішінде одан моральдық зиянның орнын толтыруды талап етті.

Сотқа дейінгі тергеу органы ер адамның кісі өлтіру ниетін дәлелдеген жоқ, сондықтан сот оның әрекеттерін "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабына ауыстырды.

- Осы бап бойынша сотталушының кінәсі оның мойындауымен, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ сот сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Осыны, сондай – ақ асырауындағы төрт жас баланың болуын және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, сот оған алты жыл бас бостандығынан айыруды тағайындады, - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ жәбірленушінің пайдасына моральдік шығыны үшін бес миллион теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.