Павлодарлық әскери бөлімдердің бірінде екі баланың анасы қызмет атқарады
Ол бұл бөлімде қойма бастығы лауазымына ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстағы 6679 әскери бөлімінде қалтқысыз қызмет еткен жауынгер арулардың бірі – ефрейтор Ақерке Қажымұратова. Әскери бөлімнің байланыс қойма бастығы лауазымында қызмет ететін нәзік жандының жауынгерлік қабілеті жұрт сүйсінерлік. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген ол мемлекеттік қызметшілер отбасында өсіп өнген.
Қанша шәкірттің жүрегінен орын алған ұстаздың қызы қару-жарақ асынып, ақсауыт киген әке жолын таңдаған. Алғашқы қызметін 2014 жылы Қарағанды қаласындағы Төтенше жағдайлар министрлігінің 52859 әскери бөлімінде құпия бөлім қызметінің маманы ретінде бастаған.
– Менің әкем әскери қызметкер болды. Анам – мұғалім. Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Бала кезімде барлығы мені анам сияқты ұстамды ұстаз болуды армандайтын болар деп ойлайтын. Өйткені, менің шешем мектепте үлгілі, көрген жанның көзі тойып, көзайымына айналатын тұлға ретінде жұртқа танымал еді, – дейді ефрейтор Ақерке Қажымұратова.
Ол 2018 жылы Ұлттық ұланның 6679 әскери бөліміне ауысады. Жауынгер әйел қазіргі таңда Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімінің байланыс қойма бастығы лауазымында қызмет атқаруда. Бос уақытында тамақтың түр-түрін әзірлеуге жаны құмар қос баланың анасы Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуді мақтаныш санайды.