Павлодарда полицейлер жолда жанған көлікті сөндіруге көмектесті

Павлодарда полицейлер жолда жанған көлікті сөндіруге көмектесті
Фото: sakhalin.kp.ru

Жақыннан өтіп бара жатқан басқа жүргізушілер де көмек көрсетуден шет қалған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ППБ ротасының командирі, майор Ғабит Әзбердиев қала ішінде патрульдеу кезінде Академик Бектұров – Лермонтов көшелерінің қиылысында капотынан қою түтін шығып жатқан «Audi А4» маркалы көлікті байқады. Ол ойланбастан дереу тоқтап, қызметтік көліктен өрт сөндіргішті алып, көмекке жүгірді. 

– Жүргізуші сол жерде болды, бірақ абдырап қалған екен. Капотты ашқанда, қозғалтқыштың өртеніп жатқанын көрдік. Артынан бізге подполковник Бауыржан Кикібай мен капитан Талғат Мағұперов отырған тағы бір экипаж келіп қосылды. Барлығымыз бірігіп, көлікті сөндірдік. Жақыннан өтіп бара жатқан басқа жүргізушілер де көмек көрсетуден шет қалған жоқ, бәрі көмектесуге дайын болды. Бір қыз өз өрт сөндіргішін әкеліп, бізге берді. Барлығын сөндіріп, әрі қарай қызметімізді жалғастырдық, – деді ол.

Әлеуметтік желіде полицейлердің әрекеті қатты реакция тудырды.

Өз кезегінде полиция барлық бей-жай қарамайтын азаматтарға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдіреді.