Павлодар облысында санитарлық автопаркті толығымен жаңартады

Павлодар облысында санитарлық автопаркті толығымен жаңартады

Ауылдық жерлердегі көлікті ауыстыруға ерекше көңіл бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелері талқыланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов атап өткендей, 2023 жылы аудан ауруханаларына арналған 37 бірлік санитарлық көлік сатып алу көзделген.

- Ағымдағы жылы аудандық ауруханалар 37 бірлік санитарлық көлік жоспарланған. Жыл сайын осындай деңгейде көлік сатып алатын боламыз. Осылайша алдағы үш жыл ішінде санитарлық автокөлік паркін толығымен жаңартамыз, - деді Айдар Сейітқазинов.

2023 жылы облыста 16 денсаулық сақтау нысанын жөндеу жоспарланған. 2023-2024 жылдары Павлодар облысында ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту шеңберінде ауылдық елді мекендерде 30 медициналық нысан салу жоспарлануда.

Алдағы екі жылда облыстың медициналық ұйымдарына жоғары технологиялық медициналық жабдықтар сатып алу жоспарлануда. Атап айтқанда Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға МРТ, кардиоорталыққа – КТ, ал №3 қалалық ауруханаға КТ және ангиографиялық аппараты сатып алынады.

Кадр мәселесіне келсек, облыста медицина мамандарының тапшылығы 167 адамды құрайды. Жыл басынан бері 25 дәрігер жұмысқа орналасты, 2023 жылдың соңына дейін 167 дәрігер облысқа келеді деген жоспар бар. Былтыр олардың саны 112 адам болған.

Мемлекеттік қолдау шарасы шеңберінде келген мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы, 1500 АЕК мөлшерінде жеңілдікті кредит беріледі, ведомстволық және жалға берілетін тұрғын үй беріледі. Ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлеріне 25% қосымша ақы төленеді, сондай-ақ қатты отынмен қамтамасыз етіледі.

Фото: Константин Шелков