Павлодарда көпқабатты үйден өрт шықты
Оттың тұтануына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 17 қаңтар күні сағат 00:01-де Павлодар қаласы Днепропетровская көшесі, 84-үйден өрт туралы хабарлама келіп түскен.
- Белгілі болғандай, тілсіз жау 10-шы қабаттағы баспалдақ алаңында басталған. Онда электр сымдарының жануы орын алған. 2 метр жер оқшауланып, жалыннан 0,5 шаршы метр аумақтағы пластикалық автоматтар еріп кеткен, - делінген хабарламада.
Оқиға орнына 38 қызметкер мен 11 техника жұмылдырылды. Алайда өрт сөндірушілер межелі жерге жеткенше тұрғындар жалынды ауыздықтап үлгерген.
Зардап шеккендер жоқ.