Павлодар облысында қызылша ауруы көбейді
Облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар стационары лық толы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінде облыста көкжөтелмен 231 адам ауырса, оның 201-і – балалар. Қызылша ауруы бойынша жағдай көңіл көншітпейді. Биыл аурушаңдық 200 пайызға артқан. Өткен жылы қызылшамен 245 адам ауырса, биыл науқастар саны – 1623.
Аурудың статистикасын азайту үшін дәрігерлер балаларды ғана емес, қызылшаға қарсы екпеден қалып қойған ересектерге де вакцина қойған. Бірақ вакциналаудан бас тарту жағдайлары да бар. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова хабарлады.
– Көптеген ата-аналар өңірімізде ауыратындар аз болса, екпе салудың қажеті жоқ деп ойлайды. Немесе вакцина аурудың өзінен әлдеқайда қауіпті деп санайды. Бірақ біз науқаста қандай асқыну болуы мүмкін екенін болжай алмаймыз. Сондықтан вакциналаудан жаппай бас тартқанда инфекция қайта оралатынын ұмытпаған жөн. Балаға профилактикалық екпе күнтізбесі бойынша екпе салу қажет, – деп түсіндірді дәрігер.
Бірақ балалар вакцинациядан кейін ауырып қалған жағдайлар да бар, осындай балалардың саны – 12.
Қазір облыстық балалар ауруханасында және Екібастұз қалалық балалар ауруханасында көкжөтелмен ауыратын екі бала жатыр, бірі – 4 жаста, екіншісі – 6 жаста. Үш жасқа толмаған үш бала қызылшамен облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
– Облыстық балалар ауруханасындағы жұқпалы аурулар стационарында 200 орын болса, биылғы эпидемиялық маусымда біз тағы 20 керует орналастырдық. Өйткені аурухана 97 пайызға толды. Сонда да балалар мен жүкті әйелдерді ауруханаға жатқызудан бас тартпаймыз, – деді облыстық балалар ауруханасы директорының жұқпалы аурулар стационары жөніндегі орынбасары Әсел Байғанова.
Дәрігерлердің айтуынша, қызылша мен көкжөтелдің көбеюінің ең маңызды себебі – екпеден бас тарту.