Павлодарлық лицейде киіз үйлер орнатып, Наурыз мерекесін атап өтті (ФОТО)
Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінде «Көктем шуағы» атты ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау және Әз Наурыз мейрамын ұлықтауға байланысты мерекелік шара өтті, деп жазады Saryarqa samaly.
Оның аясында оқушылар мен ата-аналардың бастамасымен 12 ақ шаңқан киіз үй тігіліп, қазақтың дәстүрлерінен көріністер тарту етілді.
Лицей аумағында тігілген киіз үйлер әрқайсысы жеке ауыл болып есептеліп, өздеріне қазақтың дүниетанымына сай Домалақ ана, күйші Дина, әнші Майра, Күләш, Тұмар патшайым секілді атауларды иеленді. Сол тақырыпқа сәйкес білімдерін танытып, келушілерге қызықты мәліметтерін таныстырды.
– Аталмыш іс-шара жыл сайын өткізіліп келеді, тек соңғы уақытта індетке байланысты уақытша тоқтатылған болатын. Дегенмен, биыл қайтадан жаңғыртылып, мерекелік шара үлкен қызығушылықпен өтті. Қатысушылар наурыз көже, қымыз сынды ұлттық сусындар, ет, бауырсақ тәрізді дәмдерді татып, мәз-мейрам болды, – дейді дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің директоры Эльмира Нұрлықұлова.
Шаралар екі бөлім бойынша ұйымдастырылды. Алғашқыда сахнада 7-10-сыныптардың оқушылары мен ата-аналары қазақтың қыз айттыру, табақ тарту, таңды қарсы алу, жарапазан айту, аластау секілді дәстүрлерінен қойылымдар ұсынды. Бұл сайысты құрамында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай, «Майра» ән музейінің меңгерушісі Ерлан Рахимов, ата-аналар комитетінің өкілі, мектеп басшысы бар қазылар алқасы бағалап, пікірлерін білдірді.
Ауылдарды аралау барысында киіз үйлердің безендірілуі, тұрмыстық заттарды қойылуы, ұлттық тағамдардың әзірленуі назарға алынды. Қазақтың қолданбалы өнері – алаша тоқу, көрпе құрау, қамшы өру, ағаштан бұйым жасау, жүн иіру сынды тапсырмаларды да қатысушы ауылдар сәтті орындады.
Айта кетерлігі, барлық сынақтан жоғары баға алған ауылдар жүлделерге ие болып, сыйлықтар табыс етілді.