Павлодар жастары рухани жаңғырудың жаңа толқынын бастады
Шаһарда жастар форумы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өңірлік жастар форумы өтті. «Тіл. Мәдениет. Білім – жастардың рухани қуаты» атты жиынға шаһардың зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар және қоғамдық бірлестіктердің мүшелері қатысты.
Форум шымылдығы «Тіл, мәдениет, жастар – жарқын болашақ» атты қысқаметражды фильмді көрсетумен ашылды. Фильмде өңір жастарына жасалып жатқан мүмкіндіктер, олардың жетістіктері мен табысты еңбектері қамтылды.

Алғашқы сөз кезегі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысы Медет Тауасқанға берілді. Оның айтуынша, бүгінгі күні басты мақсат – тіліміздің табиғи үндестігін сақтап қалу.
– Біз жыл сайын екі мыңнан астам азаматқа мемлекеттік тілді тегін үйренуге мүмкіндік береміз. Аудандар мен қалалар да өз деңгейінде азаматтарды оқытуға күш салып келеді. Мереке баршамызға құтты болсын! – деді ол.
Іс-шара барысында жоғары оқу орындарының профессорлары, қала және аудан жастары өз баяндамаларын ұсынып, тіл саясаты, ұлттық мәдениет және білім беруді дамыту мәселелерін талқылады.
Форумға қатысушылардың бірі – Рада Коломина қазақ тілін ауылда өскен кезінен еркін меңгергенін, бүгінде жастардың 90 пайызы мемлекеттік тілді білетінін алға тартты.
– Іс-шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Осы форумға мен екінші мәрте қатысып отырмын. Қазақ тілін бірінші сыныптан меңгердім. Меңінше қазіргі жастардың 90 пайызы қазақша еркін сөйлеп, өз ойларын жүйелі жеткізе алады. Жалпы бар үмітіміз – жастарда, – деді ИнЕУ студенті Рада Коломина.
Кездесу барысында мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінен келген «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен Торайғыров университеті «Үш тұғырлы тіл» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнуллина марапатталды.
«Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Ержан Төкеновке табысталды.
Сондай-ақ тіл саясатын ілгерілетуге белсенді атсалысып жүрген дарынды жастарға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының атынан Алғыс хаттар және аэрогриль сыйлыққа табыс етілді.