Павлодар облысында астық жинау 98 пайызға аяқталды
Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбеков ақпарат жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында биылғы жиын-терім науқаны былтырғыдан екі апта ерте басталып, жұмыстар өткен жылмен салыстырғанда 23 пайыз жоғары қарқынмен жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 1 миллион 547,9 мың гектар алқапты жинау жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 102,5 мың гектарға немесе жеті пайызға көп. Бүгінде 1 миллион 146,7 мың гектар, яғни жалпы алқаптың 74 пайызы жиналды.
Дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталуға жақын. 773,4 мың гектар дәнді алқаптың 98 пайызы жиналып, 707 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 9,1 центнерді құрады. Жиналған астықтың шамамен 60 пайызы – 3-сыныпқа, 25 пайызы – 4-сыныпқа, 15 пайызы – 5-сыныпқа жатады.
Картоп 29,7 мың гектардан жиналып, 981,9 мың тонна өнім алынды. Бұл алқаптың 97 пайызы. Көкөніс жинау 99 пайызға, мал азықтық және бақша дақылдарын жинау толық аяқталды. Қазір негізгі назар майлы дақылдарды жинауға аударылып отыр. Бүгінде олардың 292,2 мың гектары немесе 43 пайызы жиналды. Орташа өнімділік гектарына он центнерді құрайды. Күнбағыстың майлылығы 40-44 пайыз деңгейінде.
Жауапты мамандардың айтуынша, ауа райы қолайлы болған жағдайда қалған майлы дақылдарды жинау жұмыстарын алдағы 10-12 күнде аяқтау жоспарланып отыр. Қазан айының алғашқы күндеріндегі салқын ауа райынан кейін өңірде температураның қайта жоғарылауы күтіледі, бұл шаруаларға жиын-терім жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Асайын Байханов жиын-терімді белгіленген мерзімде аяқтап, ауа райының өзгеруіне байланысты барлық қажетті шараларды алдын ала қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар жиналған картоп пен көкөністі сақтау және өткізу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Өңірде картоп пен көкөністі сақтауға арналған 160 қойманың жалпы сыйымдылығы 628 мың тоннаны құрайды. Биыл жалпы сыйымдылығы 37 мың тонна болатын үш жаңа көкөніс қоймасы іске қосылды.
Жиын-терім науқанына қажетті жанар-жағармай көлемі де қарастырылған. Биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 31,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұдан бөлек, астықты кептіруге 2 080 тонна дизель отыны қосымша бөлінді.
Ауыл шаруашылығы басқармасы жиын-терім жұмыстарын қолайлы ауа райы сақталған жағдайда алдағы 10-15 күн ішінде негізгі көлемде аяқтауды жоспарлап отыр.