Павлодарда пәтер іздеген тұрғын алаяққа тап болды
Қала тұрғыны өзі іздеген жалдамалы пәтерді хабарламалар сайтынан тауып алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ажар Тұтынбаева ведомство бастығы Василий Склярдың атына Алғыс хат жолдаған. Ол Павлодар қаласы полиция басқармасы оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері Жандос Жүнісбеков, Ерік Жақыпов, Алмас Сағадатовқа және Сайдалы Мусинге алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде көрсеткен жоғары кәсібилік үшін алғыс білдірген.
Хат алмасу барысында қыздың басқа қалада екендігі және тек келген кезде ғана пәтерді көрсете алатындығы анықталды. Ол пәтерді жалға алуға ниет білдірушілер көп екенін, сондықтан 50 мың теңге көлемінде депозит салу қажеттігін айтқан. Сенімді болу үшін жеке куәлігін жіберген. Әйел адам оған сеніп, көрсетілген соманы жолдасының нөміріне аударған. Ақшаны алғаннан кейін қыз байланысқа шығуды тоқтатқан.
– Мен алаяқтардың қолына түскенімді түсініп, бұл туралы полицияға айттым. Ақшаны қайтарудың алдында полиция үлкен жұмыс атқарды. Жігіттер одан әрі транзакциялар мен аударымдар туралы куәлік берген дропперді анықтады. Бұдан әрі екінші деңгейдегі банктермен және басқа да органдармен өзара іс-қимыл бойынша жұмыс жүзеге асырылды. Осыдан кейін ғана Қарағанды қаласында тұратын күдіктінің жеке басы анықталды, оны Жандос Жүнісбеков пен Ерік Жақыпов ұстады, – деді Ажар Тұтынбаева.
Өз кәсібіне адал полиция қызметкерлерінің арқасында кінәлі ұсталды. Тәртіп сақшылары азаматтардың құқықтарын қорғау және қылмысқа қарсы күрес өз жұмыстарының негізгі міндеттері екенін айтады.