Павлодарда жертөлелерді шыбын-шіркейлерге қарсы өңдеу басталады

Дезинсекциялық жұмыстарды ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі жүргізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көктемнің келуімен Павлодарда тұрғын үйлердің жертөлелерін шыбын-шіркейлерге қарсы өңдеу жұмыстары басталады.
Өтінішті 8(707)5956447 нөмірі бойынша беруге болады.
Қала тұрғындары Малайсары батыр көшесі, 39 Назарбаев даңғылы, 3/1, Павлов көшесі, 24, 24/1, 24/2, Бакинская көшесі, 5 мекенжайларын көрсеткен.
Павлодарға шыбын-шіркейге қарсы қолданылатын 20 мың кг көлемінде «Бактицид» биопрепаратының бірінші партиясы әкелінді. Қалған 142 мың кг препарат сәуір айының бірінші онкүндігінде жеткізіледі.
Биыл әуеден өңделетін аумақтың жалпы көлемі 127 мың гектардан 172 мың га дейін ұлғайды, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 45 мың га артық. Қосымша Ақсу қаласының ауылдық аймағының солтүстік-батыс бөлігінен 15 мың га және Ертіс ауданының жайылма алқабынан 30 мың га қосылды.
Биыл шыбын-шіркейге қарсы күреске 182 мың кг биологиялық препарат қолдану жоспарланған. Химиялық препараттардың да көлемі өсті. 14,5 мың литр пайдалану жоспарлануда. Оның ішінде 9,2 мың литр – әуеден өңдеуге, 5,3 мың литр тосқауылды өңдеуге жұмсалады.
Химиялық препараттар сәуірдің екінші онкүндігінде жеткізіледі деп жоспарлануда.
Еске сала кетейік, облыс әкімі Асайын Байханов аппараттық жиын барысында көпқабатты үйлерде пайда болатын жәндіктермен күрес жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Аймақ басшысының айтуынша, облыс орталығында 1510 көпқабатты үй бар.