Павлодарда ресейлік инвестор тақталар өндіруге ниетті
Компания Kronospan ламинатын шығарумен танымал, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов әлеуетті инвесторлармен – ресейлік «Ультрадекор ГМХ» ЖШҚ компаниясымен кездесті.
Біздің өңірде инвестор ДСП (МДФ) және ОСП тақталарын өндіретін жобаны іске асыруды қарастыруда.
Кездесуде тараптар бірқатар мәселелерді талқылады – электр энергиясын тұтыну көлемі, логистика, жобаның экологиялық жағын пысықтау және т. б.
– Біз инвестицияларды тартуға және өңір тұрғындары үшін жаңа қосымша жұмыс орындары құрылатын ірі жобаларды іске асыруға ерекше көңіл бөлеміз. Өз тарапымыздан әртүрлі қолдау құралдары мен шараларын, сондай-ақ, жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде толық сүйемелдеуді ұсынуға дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Компания басшылары «Ақсу инвестициялық аймағын» құру орнында болды, сондай-ақ, осы жобаны іске асыру мүмкін болатын тағы бірнеше орындармен танысуды жоспарлап отыр.