Салықтар қайда жұмсалады? Асайын Байханов түсіндірді
Өңір бойынша ең көп салық түсіретін қала мен аудан аталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Аймақ басшысы Асайын Байханов инстаграмдағы өзінің алғашқы бейнебаяндар топтамасын облыс бюджетінің кіріс пен шығыстары туралы ақпаратынан бастады.
– Сіздерден «Біздің салықтар қайда жұмсалады?» деген сұрақ жиі келіп түседі. Облыс бюджеті негізінен 15 ірі салық төлеушілер - өңір кәсіпорындары есебінен толығады. Бұл шамамен, 55,4% пайыз немесе 181,6 миллиард теңгені құрайды. Өңірдің шағын және орта бизнесі– бюджетті 111 миллиард теңгеге немесе 34,3% пайызға толықтырады, – деді облыс әкімі.
Ірі салық төлеушілер қатарына: ПМХЗ, KAZ Minerals Bozshakol, «Богатырь Көмір», Екібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2, Қазақстан алюминийі, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Ақсу ГРЭС, Қазақстан электролиз зауыты, «Павлодарэнерго» АҚ, KSP Steel, ERG Servise, «Жаңа Роса», «Восточный» кеніші, «Проммашкомплект» және басқалары жатады.
– Сондай-ақ, жеке тұлғалар, яғни өңір тұрғындары облыстық бюджет қазынасына шамамен 2,8 миллиард теңге немесе 0,9% пайыздық үлесін қосады. Өңірлік бөліністе қарасақ, облыс бюджетінің негізгі доноры – Павлодар қаласы, жалпы табыстың 71,5% құрайды. Одан кейін Екібастұз – 17,5% және Ақсу – 4,7%, – деп түсіндірді Асайын Байханов. – Облыстың үш қаласы бюджетке түсетін барлық түсімдердің 93,7% қамтамасыз етеді.
Ал, облыстың аудандары арасында ең үлкен табыс - Баянауыл және Железин аудандарына тиесілі.
Облыс бюджеті 550,6 млрд теңгені құрайды, оның ішінде: жергілікті кірістер - 323,3 млрд теңге немесе 58,7% пайыз, субвенция және республикалық бюджеттен қолдау - 227, 3 млрд теңге немесе 41, 3 % пайыз шамасында.
– Біздің бюджетіміз әлеуметтік бағытқа ие. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласына 257,6 миллиард теңге немесе 47% пайызға жуық қаражат бағытталды, – деп қосты аймақ басшысы.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, яғни абаттандыру және әлеуметтік нысандарды жылумен, сумен, электрмен қамтамасыз етуге - 77,5 млрд теңге немесе 14 % пайыз бөлінді. Ауыл шаруашылығын дамытудағы мемлекеттік қолдауға, фермерлерді субсидиялауға және кредиттеуге 51,1 млрд теңге немесе жалпы бюджеттің 9,3 % пайызы жұмсалды.
– Өткен жылы жөндеу, реконструкциялау, құрылыс бойынша 564 әлеуметтік маңызды инвестициялық жобаларды іске асырдық. Қаражат көлемі 135 миллиард теңгені немесе 24,5% пайызды құрады, – деді аймақ басшысы.
Өңірдің үш қаласы мен 44 ауылында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмыстары 49,4 млрд теңгеге іске асырылды. Жөндеу және жаңа автомобиль жолдарын салуға – 30,9 млрд теңге немесе 5,6% пайыз қаражат жұмсалды. Ал, әлеуметтік нысандарды жөндеуге, реконструкциялауға және салуға 5,4 млрд теңге бөлінді.
Өңірдің әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған облыс бюджеті, жыл сайын орта есеппен 20,4%-ға өсуде.
Асайын Байханов әр салаға құйылған бюджеттік инвестициялар туралы келесі 11 бейне есебінде кеңейтілген ақпарат беретін болады.