Павлодар облысында 30 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты
Өңірлік жұмыспен қамту картасының нәтижесінде 23,4 мың адам тұрақты жұмыс орындарына ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде өткен жиында 2025 жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалуы және бюджет қаражатының игерілуі мәселелері қаралды. Жыл қорытындысы бойынша облыста барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4 трлн теңгеден асып, нақты көлем индексі 102,2% құрады. Өсім өнеркәсіптің барлық секторларында тіркелді: өңдеу өнеркәсібінде – 1,9%, электрмен жабдықтау саласында – 2,2%, тау-кен өндірісі секторында – 2,4%.
Ауыл шаруашылығы саласы да айтарлықтай өсім көрсетті. Жалпы өнім көлемі 9,6%-ға артып, 571,4 млрд теңгеге жетті. Негізгі үлес өсімдік шаруашылығымен қамтамасыз етіліп, өсім 15,5%-ды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 495 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 24%-ға артты. 578 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл жоспарлы көрсеткіштің 102,4% құрады.
Сауда саласында да оң динамика байқалды. Ішкі сауда көлемі 15,9%-ға өсіп, 2,1 трлн теңгені құрады. Бөлшек сауда айналымы 7,2%-ға (839,3 млрд теңге), көтерме сауда айналымы 22,5%-ға (1,25 трлн теңге) артты. Қызмет көрсету секторында да өсім тіркелді: көлік саласында - 8,4% (343,1 млрд теңге), байланыс саласында – 9% (20,7 млрд теңге). Макроэкономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы облыстың барлық қалалары мен аудандарында тіркелді.
Жыл қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 102%-ға орындалды. Жоспарланған 428,8 млрд теңгенің орнына бюджетке 443,2 млрд теңге түсті. Шығыстар 99,2%-ға игеріліп, 651,8 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар өңір басшысы Май және Ақтоғай аудандарында бірқатар экономикалық көрсеткіштердің орындалмағанын, сондай-ақ Екібастұз қаласы мен Тереңкөл ауданында бюджеттік тәртіптің төмен деңгейде екенін атап өтті.

Сондай-ақ өңірлік жұмыспен қамту картасының іске асырылу қорытындылары қаралды. 2025 жылы мемлекеттік және жеке жобалар аясында 30,8 мың адам жұмыспен қамтылды, бұл жоспардың 121% құрайды. Олардың ішінде 23,4 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Өңірлік жұмыспен қамту картасы облыстың барлық қалалары мен аудандарында орындалды. Облыс әкімі Асайын Байханов қол жеткізілген нәтижелер өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қабылданып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсететінін атап өтті.
– Жергілікті деңгейдегі әкімдердің негізгі міндеті - аграрлық секторды, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ инвестицияларды белсенді тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру. 2026 жылдан бастап әрбір қала мен аудан бойынша дамудың басым бағыттары бойынша KPI айқындалатын болады, – деп атап өтті өңір басшысы.
Жиналыс барысында 2026 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енетін субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына енгізілетін өзгерістер де талқыланды. Өңір басшысы қала және аудан әкімдіктеріне 2026 жылғы 15 ақпанға дейін жұмыс берушілер мен жұмыссыздар арасында, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға 2026 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасына енгізілген жобаларды іске асыруға кірісу, сондай-ақ электрондық еңбек биржасында бос жұмыс орындары мен электрондық еңбек шарттарын белсенді орналастыру тапсырылды.