Павлодар облысының әкімі Украинаның елшісімен кездесті

Павлодар облысының әкімі Украинаның елшісімен кездесті
Фото: Валерий Бугаев

Тараптар сауда-экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов Украинаның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Виктор Майкомен кездесу өткізді.

Өңір басшысы Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығына тоқталды. Оның айтуынша, аймақ Қазақстандағы ең ірі индустриялық орталықтардың бірі болып саналады, мұнда елдің өнеркәсіптік өндірісінің 8%-ы шоғырланған.

– Біз электр энергиясының 42%-ын, алюминийдің 100%-ын, көмірдің 60%-ын, ферроқорытпаның 58%-ын және жанар-жағармайдың үштен бірін өндіреміз. Мыңнан астам өнеркәсіптік кәсіпорындар облыс экономикасындағы барлық жұмыс орындарының төрттен бірін қамтамасыз етіп отыр. Агроөнеркәсіптік кешен де белсенді даму үстінде – екінші жыл қатарынан біз республикада агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялардың көлемі бойынша көш бастап тұрмыз, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Әңгіме барысында екіжақты сауда мәселелері де назардан тыс қалмады.

2024 жылы Павлодар облысы мен Украина арасындағы тауар айналымы 9,5 миллион АҚШ долларын құрады, оның ішінде 1,5 миллион жергілікті кәсіпорындар өнімдерінің экспортына және 1,8 миллион украин тауарларының импортына тиесілі. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында көрсеткіш оң динамиканы көрсетіп, тауар айналымы бес миллион долларға жетті, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әкімдікте атап өткендей, мәдениет саласы өзара ынтымақтастықтың ажырамас бөлігі болып қала береді.

Аймақта 40 мыңға жуық украин ұлты тұрады, Тарас Шевченко атындағы украин мәдени серіктестігі белсенді жұмыс істейді. Біз диалогқа әрдайым ашықпыз және бірлескен жобаларды іске асыруға жан-жақты жағдай жасауға дайынбыз, – деп атап өтті облыс басшысы.

Кездесу соңында Виктор Майко жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Украинаның достық, сенім және өзара түсіністік негізінде екіжақты қатынастарды нығайтуға дайын екендігін жеткізді.