Павлодарда сарапшылар қардың сынамасын зертханалық талдауға алды
Өңірде сынапқа мониторинг жасау басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіптік аймағы ауданында жыл сайын сынап мониторингін өткізуде.
– 13-14 наурызда «GIO TRADE» ЖШС мердігерлік ұйымының сарапшылары зертханада талдау үшін жерасты ұңғымаларынан 10 қар мен 16 су сынамасын алды, – деді басқармада.
Сонымен қатар, жыл бойы сынаптың ластану ошақтарынан атмосфералық ауаның, топырақтың, жер асты және жер үсті суларының сынамалары алынады.
– Былқылдақ көлінің аумағында жергілікті фауна да зерттелуде. Мамандар ауланған балықтар мен суда жүзетін құстардың сынаппен ластануын тексереді, – делінген хабарламада.
Айта кету керек, Павлодардың солтүстік өнеркәсіптік аумағында және Былқылдақ көлі ауданында бақылау ұңғымаларын қалпына келтіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде: бетон негізі мен құлыптары бар металл қақпақтар сырланады, таңбаланады, орнатылады.
Фото: Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы ұсынды.