Мизамшуақ бола ма: павлодарлықтарды қазанда қандай ауа райы күтеді?

Мизамшуақ бола ма: павлодарлықтарды қазанда қандай ауа райы күтеді?
Фото: Константин Шелков

Осы кезеңде салқын күндерден кейін күзгі жылымық болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Күздің суығы сезіле бастағанымен, күннің қайта жылынуына әлі де мүмкіндік бар. Павлодарда мизамшуақ бола ма, өрмек жіптерінің ауада қалықтауы нені білдіреді және синоптиктер қазан айына қандай болжам жасап отыр? 

 «Қазгидромет» өңірлік филиалы метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Галина Анохинаның айтуынша, мизамшуақ жеке табиғи құбылыс ретінде арнайы бақыланбайды және оған қатысты жеке метеорологиялық статистика жүргізілмейді.

– Жылымық кезеңнің нақты мерзімі жоқ. Халық арасында бұл атау күн суытқаннан кейін қайтадан жылынатын күзгі кезеңге қатысты қолданылады. Бұл терминнің ғылыми анықтамасы жоқ және кәсіби метеорологияда пайдаланылмайды. Мамандар үшін бұл – күз мезгіліндегі әдеттегі шуақты күндер, – деп түсіндірді Ирина Анохина.

Метеорологтардың пікірімен павлодарлық ғалымдар да келіседі. Торайғыров университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Қанат Ахметовтің айтуынша, мизамшуақ – ғылыми терминнен гөрі халықтық ұғымға жақын. Ал осы кезеңнің басты белгілерінің бірі саналатын ауада қалықтаған өрмек жіптері өрмекшілердің таралу ерекшеліктерімен байланысты.

– Өрмекшілер буынаяқтылардың хелицералылар тип тармағына жатады. Күзде ауада ұсақ өрмекшілер отырған жіңішке өрмек жіптерін көруге болады. Олар осы жіптердің көмегімен жаңа аумақтарға таралады. Қазақстанның оңтүстігінде кездесетін кейбір түрлер солтүстік өңірлерде болмайды және керісінше. Халық арасында ұшқан өрмек жіптерінің пайда болуы мизамшуақпен байланыстырылады. Күздегі қысқа мерзімді жылымық көптеген ағзаның биологиялық үдерістеріне әсер етеді. Әсіресе, осы уақытта белсенді таралатын түрлерге ықпалы бар. Дегенмен мұндай құбылысты жазда да байқауға болады, – деді профессор.

Қанат Ахметовтің айтуынша, күннің суытуы жәндіктердің белсенділігі бірден тоқтайды дегенді білдірмейді. Олардың кейбірі ауа райы мүмкіндік бергенше дамуын жалғастырады.

– Жәндіктер туралы сөз болғанда, олар тек ыстықта ғана белсенді болады деген түсінік қалыптасқан. Алайда олардың белсенді кезеңі әлдеқайда ұзақ. Мысалы, шіркей дернәсілдері Ертіс өзені мұз қатқанға дейін суда дамиды. Кейбір түрлері дернәсіл күйінде, енді біреулері жұмыртқа түрінде қыстайды. Қыста да белсенді жәндіктерді, соның ішінде көбелектер жататын қабыршаққанаттылар отрядының өкілдерін кездестіруге болады. Павлодарда да мұндай түрлер бар, бірақ оларды далада көру өте сирек, – деді биолог.

Күн суыта бастағанда жәндіктердің бір бөлігі қыстан аман шығу үшін ықтасын жерлерге жасырынады.

– Масалардың белсенділігі төмендегенімен, ересек даралары бірден жоғалып кетпейді. Олар ағаш қабығының астында, өсімдік тамырларының арасында, шөп ішінде қыстайды. Кейбірі ғимараттардың ішіне кіреді. Anopheles туысына жататын безгек масалары анабиоз күйінде, мысалы, жертөлелер мен мал ұстайтын қораларда қыстап шыға алады. Кәдімгі шиқылдақ масалар да жертөлелерді паналайды, – деп түсіндірді ғалым.

Әлемнің әр елінде мизамшуақ әртүрлі аталады. Мысалы, АҚШ пен Канадада оны «үнді жазы» деп атаса, Германияда «кәрі әйелдердің жазы» деген атау қолданылады. Францияда күзгі жылымық Әулие Мартин күнімен байланыстырылады, ал Болгарияда бұл кезеңді «сыған жазы» деп атайды.

Халық күнтізбесінде мизамшуақ көбіне қыркүйектің соңы мен қазанның алғашқы жартысына сәйкес келеді. Кейбір дәстүрлерде ол 14 қыркүйекте атап өтілетін Семён күнімен де байланыстырылады. Бұл кезеңде жылы әрі құрғақ ауа райының қалыптасуына тұрақты антициклон әсер етуі мүмкін. Ол ашық аспан, баяу жел және күндіз жылынатын ауа райын әкеледі.

Алайда жыл сайын ұзаққа созылатын жылымық болады деп күтуге болмайды. Былтыр қазанда ауа райы көптеген павлодарлықты таңғалдырды: тұрғындар мизамшуақты күткенде, қар жауды. Сол кезде көшелерді тазарту жұмыстарына коммуналдық кәсіпорындардың 250-ге жуық қызметкері мен 300-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.

Синоптиктердің алдын ала болжамы бойынша, биыл қазан былтырғыдан жылырақ болады. Ауаның орташа температурасы климаттық нормадан шамамен бір градус жоғары болуы мүмкін. Дегенмен бұл айдың соңына дейін күн жылы болады дегенді білдірмейді.

Қазанның бірінші онкүндігінде ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды. Түнде +2…+7 градусқа, күндіз +10…+15 градусқа, кей жерлерде +16…+21 градусқа дейін жылынуы мүмкін. Кейін түнгі температура −5…−10 градусқа дейін төмендеп, күндіз +6…+11 градус болады. Онкүндіктің соңында қайтадан аздап жылынуы ықтимал.

Екінші онкүндікте де ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды. Түнде −5…−10 градустан 0…+5 градусқа дейін, күндіз +6…+11 градустан +13…+18 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Кезеңнің соңына қарай қайтадан суыту ықтималдығы бар.

Үшінші онкүндікте қыс жақындағаны айқынырақ сезіледі. Екінші онкүндіктің соңында және үшінші онкүндіктің ортасында жаңбыр жаууы мүмкін. Ал үшінші онкүндіктің басы мен соңында жаңбыр аралас қар күтіледі.

Демек, қазанда жылы күндер әлі де болуы мүмкін. Алайда мизамшуақ ұзаққа созылады деп үміттенбеген жөн.