Павлов итмұрыны, сұңқар: Павлодар облысында Қызыл кітапқа енген түрлер қалай қорғалады?

Өңірде жануарлар мен өсімдіктерді қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Исатай Абдразахов мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыстың табиғи байлығы мен биоалуантүрлілігі еліміздің маңызды экологиялық қорларының бірі болып саналады. Мұнда республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Ертіс өзені жайылмасы» мемлекеттік табиғи қорықшасы.
– Бұл табиғи кешендер сирек, эндемикалық және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктердің мекендейтін бірегей орындары. Қызыл кітапқа енген түрлердің сақталуы үшін ерекше қорғау режимі енгізілген, – дейді Исатай Абдразахов.
Облыс аумағында кездесетін ерекше және сирек жануарлардың қатарына арқар, орман күзенi, бүркіт, могильник (қабірші бүркіт), балобан (жойылып бара жатқан сұңқар), қызғылт қаз, сұр тырна, кіші аққу, аққу-сыбырлақ, дала қыраны, жыланжегіш қыран және дуадақтың туыстасы – стрепет сынды құстар жатады.
«Ертіс өзені жайылмасы» қорықшасында Павлодар облысы үшін ерекше саналатын өсімдік – Павлов итмұрыны өседі. Сонымен қатар, бұл аумақта экожүйенің саулығын білдіретін жыртқыш құстар: аққұйрық субүркіт, ұзынқұйрықты су бүркіті және балықшы тұйғын тұрақты тіршілік етеді.
– Облыс аумағында өсетін қорғалатын өсімдіктер қатарында көктемгі адонис, пырғыл қызғалдақ, ақшағыл ашық және сарғыш, жіңішке қау шөп, қара қандыағаш, сондай-ақ интродукцияланған түр – еуропалық емен бар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жыл сайын флора мен фаунаның жай-күйіне мониторинг жүргізіледі. Бұл деректер қағаз және электронды түрде Қызыл кітап жүйесіне енгізіледі, – деді инспекция басшысы.
Биоалуантүрліліктің азаюына әсер ететін негізгі себептер ретінде мамандар ретсіз мал жаюды, орман өрті мен құрғақшылықты, заңсыз аңшылықты және халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігін атап отыр. Сонымен қатар, климаттың өзгеруі – температураның күрт ауытқуы, найзағайлар және құрғақшылық табиғи балансты әлсіретуде.
– Қоршаған ортаның сақталуы үшін біз тек қана табиғатты қорғаумен шектелмей, адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуіміз қажет. Бұл – әр тұрғынның жауапкершілігі, – дейді Исатай Абдразахов.
ЕҚТА аумағында сирек өсімдіктерді жұлуға, жабайы жануарларды үркітуге не ұстауға, қоқыс тастауға, көлікпен рұқсат етілмеген бағытта жүруге, белгіленбеген жерде от жағуға қатаң тыйым салынған.
Құқық бұзған азаматтарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес айыппұлдар қарастырылған. Мәселен, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу – 100-ден 1500 АЕК-ке дейін айыппұл салуға, ал заңсыз ағаш кесу – материалдық шығынды өтеумен қатар, 1500 АЕК-ке дейін айыппұлмен жазаланады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2027 жылға дейін елімізде екі миллиард ағаш отырғызу көзделген. Павлодар облысында бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылуда: «Ертіс орманы» резерваты жыл сайын 3000 гектарға дейін, Баянауыл ұлттық паркі – 40 гектарға дейін орман дақылдарын отырғызады.
Жыл сайын өңірде 14 миллионға жуық қарағай көшеті отырғызылады. Бұл көшеттер арнайы питомниктерде өсіріледі.
Экологтар мен инспекция өкілдері өңір тұрғындарын ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барғанда ережелерді сақтауға, ағаш отырғызу мен экологиялық акцияларға белсене қатысуға және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады.