Павлодар облысында өсімдіктердің 15 жаңа түрі анықталды

Павлодар облысында өсімдіктердің 15 жаңа түрі анықталды
Фото: pixabay.com

«Ертіс орманы» резерватындағы тұрақты сынақ алаңдарында зерттеу жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Резерваттың ғылыми қызметкері Арман Жүнісовтің айтуынша, 2024 жылдың вегетациялық кезеңінде қорық аумағында ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкерлерімен зерттеу жүргізу нәтижесінде бұрын кездеспеген өсімдіктердің 15 жаңа түрі анықталған: кәріқыз, терістік тасшыгүл, жыланбас, орман желайдары, көк сұңғыла, тегіс, майда дүңгілше, балпанақ, татар сүттігені, батпақ аюбалдырған және тағы басқалары. 

– Бұл өсімдіктердің ерекше қасиеттері бар: дәрілік, улы, эфир майлы және балды. Табиғат бізді әлі талай таңқалдырады. Оның әрбір жаңалығы зерттеуге, қорғауға және сақтауға лайық, – дейді ол.

Маманның сөзінше, аталған өсімдіктердің тұнбалары мен қайнатпаларының халықтық медицинада антисептикалық, несеп айдағыш, қан тоқтататын, қан тазартатын, спазмолитикалық әсері бар, сонымен қатар тамақ ауруларына, нефритке және гастроэнтеритке қолданылады. 

Табылған өсімдіктердің кейбіреулері улы қасиетке ие,  дегенмен бұл шөптерден тұнбалар мен қайнатпаларды дұрыс дайындаған кезде бүйрек ауруларына, гайморитке, жатыр ауруларына, көру және есту қабілетінің нашарлауына, аденома мен қуықасты безінің қатерлі ісігіне, атеросклерозға қолданылады.

Еске сала кетейік, резерват аумағында орман сусарларының саны қарқынды өсіп келеді. Егер 2019 жылы бұл ерекше жануарлардың саны 45 дарақты құраса, 2024 жылы 100 дараққа жетті.