Павлодар облысында Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы тойлануда

Павлодар облысында Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы тойлануда
Фото: Сания Увайсова

Ауқымды шара ақынның туған жері Шарбақты ауданында өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қаламгердің мерейтойы Шарбақты ауданындағы кітапханада "Сәуле - ғұмыр" атты дөңгелек үстелмен басталды. Оған  облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, ақын-жазушылар мен ғалымдар және Мұзафар Әлімбаевтың балалары арнайы қатысты.

- Биыл Ертіс-Баян өңірі үшін ерекше жыл. Ағымдағы жылы өңірімізде 14 тұлғаның мерейтойы аталып өтілді. Соның ішінде халық ақыны Мұзафар Әлімбаевтың орны ерекше. Ақын, жазушы, қазақ әдебиетінде есімі алтын әріппен жазылған ақынның аты алты алашқа мәлім. Ақынның 100 жылдық мерейтойына орай ауқымды жоспар құрылды. Жыл бойы білім, мәдениет мекемелерінде 200-ден астам ауқымды шаралар өтті. Соның бірі - сәуір айында ағаның шәкірті Несіпбек Айтұлымен бірлесіп тамаша кеш өткіздік. Бүгінде Мұзафар Әлімбаев атындағы мектеп ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын тамаша ортаға айналды. Ақын есімін ұлықтау ісі мұнымен аяқталмайды. Әлі де жалғасы болады. Бүгінгі күні 100 жылдыққа орай ұрпақтарының бастамасымен қаламгердің 8-томы 1000 дана болып жарық көретін болады, - деді Айзада Құрманова.

Жиында аймақ басшысының орынбасары жарық көретін 8-томға тоқталып өтті.

- Ағаның 8-томы алдында шыққан 7 томының жалғасы. Мұнда 1-томында көрнекті қаламгердің поэмалары, қазақ және шетел әдебиеттерінің аңыз ертегілері желісімен жазылған өлең мысалдары, жолсапар жырлары мен басқа да туындылары енгізілсе, 2-7 томында автордың асыл туындылары "Естай-Қорлан", "Менің Қазақстаным" тәрізді ғажап дастандары мен балаларға арналған өлеңдері, естеліктері, зерттеулері енген. Ал 8-томы ерекше болмақ. Онда ақынның бұған дейін жарық көрмеген қолжазба туындылары жарық көретін болады.  Оны атаның ұрпақтары сыйға тартып отыр. Ұлын ұлықтайтын ұлы барда Мұзафар Әлімбаевтың есімі ешқашан өлмейді, - деп түйіндеді ол.

Дөңгелек үстел басында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректер айтылды. Мәселен, әнші Шахимардан Әбілов, жазушы Ғалымбек Жұматовтар өз естілктерімен бөлісті. Ал филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулина қаламгердің нақыл сөздеріне тоқталды.  

- Мұзафар Әлімбаев бала жанының бағбаны бола білген жан. Аға небары 15 жасынан бастап өлең жазған екен. Әрі оны облыстағы "Қызыл ту" (Сарыарқа самалы) және "Пионер" газеттеріне жіберген. Сонда жазған өлеңі өте салмақты. Яғни "Қарағанды жырлары". Ол 1951 жылы  жарық көрген. Бүгінде ел ішінде ең көп айтылатын "Үйлену оңай, үй бол қиын", "Жұмыла көтерсе жүк жеңіл" деген нақыл сөздердің авторы Мұзафар Әлімбаев екенін біреу білсе, біреу білмейді, - деді Айман Зейнулина.

Ал Баламер Әлімбаев әкесінің өмірі мен шығармашылығын дәріптеп жатқан жерлестеріне алғысын айтты.

Шара соңында зағип және  нашар көретін азаматтарға арналған "Өскенімді ел көрсін" атты кітаптың тұсауы кесілді.