Павлодарда 250-ден астам кітапханашы облыстық форумда бас қосады

Павлодарда 250-ден астам кітапханашы облыстық форумда бас қосады
Фото: Константин Шелков

Аталмыш іс-шара 22 қазан күні кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада кітапханашы мамандарының облыстық форумы өтеді. Осыған орай осы салада 30 және одан да көп жыл жұмыс істеген кітапханашылардың түпнұсқалық портреттері «Мен кітапханашымын» фотокөрмесінде «Шаңырақ» облыстық орталығының фойесін безендіреді.

Сондай-ақ, мерекелік іс-шарада Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева құттықтау сөз сөйлейді. Кітапхана достары жазушы, ғалым, Торайғыров университеттің профессоры, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай мен ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан кітапханашыларды құттықтап, тілектерін айтады.   

Форумда өңірдің кітапханашылары үшін «Әлем өзгереді – біз өзгереміз» атты шығармашылық зертханасы ұсынылады. Кітапханада жасанды интеллект құралдарын пайдалану, кітапхана ісінде креативті ойлау, Қазақстанның цифрлық кеңістігіндегі мәдени мұра бойынша тренингтерді кітапхана қоғамдастығының жетекші мамандары: Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Нұрлан Жолдыбалинов, профайлер, корпоративтік ортада тұлғааралық қатынастарды құрудағы клиникалық психолог-сарапшы Жанар Қапенова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының электрондық ресурстарды басқару қызметінің басшысы Айтоты Жақыпова өткізеді.

Айта кетейік, «Шаңырақ» облыстық орталығы облыс кітапханашылары үшін мерекелік концерт дайындайды.