Павлодарда «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Келушілер өздерімен бірге эко-шопперлер мен биоыдырайтын қаптамалар алып келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жайлау» фермерлік базарында дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл жолғы шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен ұштасты.
Сауда қатарына Железин, Тереңкөл, Павлодар, Шарбақты аудандарының және облыс орталығының тауар өндірушілері қатысты.
Ұйымдастырушылар экологиялық мәдениетті қолдау мақсатында келушілерге өздерімен бірге эко-шопперлер мен биоыдырайтын қаптамалар алып келуге кеңес берді. Сонымен қатар, жәрмеңке аяқталғаннан кейін барлық қатысушылар сауда орындарын тазалап, тәртіпке келтірді.
Айта кетейік, мұндай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері Павлодардан бөлек Екібастұз және Ақсу қалаларында, сондай-ақ облыстың 10 ауданында өтті. Тұрғындар табиғи әрі сапалы өнімдерді қолжетімді бағада сатып алып, жергілікті фермерлерге қолдау көрсетті.