Әлеужелідегі сауда: Павлодарда алаяқтарға алданғандар артуда
Биыл интернет-сауда саласындағы шағымдардың саны көбейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев мәлім етті.
– Өкінішке орай, алаяқтық әрекеттердің саны артып келеді. Мысалы, Instagram әлеуметтік желісі арқылы тұрғынның ұялы телефонға тапсырыс бергені туралы өтініш түсті. Тауары 5-10 күнтізбелік күн ішінде жеткізілуі керек болған, бірақ телефоны жеткізілмеді, – дейді Дәулен Қабдушев.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін. Қала тұрғыны Instagram-да ынтымақтастық туралы ұсыныс жарнаманы көріп, сілтеме бойынша өткен. Хат-хабарларда кәсіпкерге салықты азайту үшін өз клиенттеріне төлемді өзінің жеке кәсіпкерлігі арқылы аудару ұсынылған. Себебі, компания сатылым көлемін ұлғайтқысы келген. Сатушыға салық шығындарын өтей отырып, оның фирмасы арқылы өткен сомалардың үш пайызы уәде етілген.
– Кәсіпкер «серіктестерге» ақша аударғаннан кейін олар оны бұғаттаған. Бұдан бөлек, қазір оған алданған сатып алушылардан шағымдар келіп түсуде. Әрі қарай біз алаяқтық оқиғаларын полиция департаментіне жолдадық, – деді Дәулен Қабдушев.
Айта кетейік, жыл басынан бері аймақ бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 256 өтініш түсті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 18 есе көп. Шағымдардың көпшілігі бөлшек сауда және тұрмыстық қызметтер саласында болды.
Өтініш білдірген азаматтарға жалпы бес миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қызметкерлер жоспардан тыс 18 тексеру жүргізді. Оның жетеуі тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында қарастырылып жатыр.
Бүгінде бөлшек саудада, электрондық сауда және тұрмыстық қызметтерде тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылады. Сол себепті мамандар «Kaspi.kz», «Wildberries» сияқты тексерілген сайттарға сену керектігін ескертеді. Онда кез келген жағдайда тапсырыстан бас тарту мүмкіндігі бар.