Павлодарда тергеуші мен жедел уәкіл сотталды

Павлодарда тергеуші мен жедел уәкіл сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар кәмелетке толмаған жәбірленушінің айғақтарын бұрмалаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық №2 сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сот залында қалалық полиция барқармасы солтүстік полиция бөлімінің тергеушісі мен бөлімнің жедел уәкіліне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Тергеуші кәмелетке толмаған жәбірленушінің және оның заңды өкілінің айғақтарын хаттамаларда бұрмалап, дәлелдемелерді бұрмалаған. Сонымен қатар, ол қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі кейіннен заңсыз тоқтату мақсатында олардан жауап алған кезде басқа күндерді көрсетті, – дейді баспасөз орталығында.

Сондай-ақ, сот кәмелетке толмаған жәбірленушіден қосымша жауап алу хаттамасындағы адвокат пен педагогтің қойған қолдары жалған екенін анықтады.

Өз кезегінде жедел уәкіл осы қылмысты жасау үшін барлық қажетті жағдайларды жасаған, атап айтқанда: кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілін бұрмаланған айғақтармен қосымша жауап алу хаттамасына қол қоюға, сондай-ақ басқа кәмелетке толмаған балалардан жауап алудан бас тарту туралы арыз жазуға көндірді, – делінген хабарламада.

Нәтижесінде, тергеуші қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы заңсыз процессуалдық шешім қабылдады.

Сотталушылардың кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленуші мен оның заңды өкілінің, куәлардың, құжаттамалық және заттай дәлелдемелермен, сарапшылардың қорытындылармен дәлелденді.

Жазаны тағайындау кезінде сот сотталушылардың іс-әрекеттеріне өкінуін, бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылуын, жәбірленушілерге келтірілген залалды толық көлемде өндірілуін және олар сотталушыларды бас бостандығынан айырмауды сұрауын, тергеушінің екі кішкентай баласы барын, олардың біреуі ауыр аурумен ауыратынын, жедел уәкілдің үш баласы барын, әйелі ауыр аурумен ауыратынын ескерді.

Жоғарыда аталған жеңілдететін мән-жайлар, соттың пікірінше, жиынтығында сотталғандарды қоғамнан оқшауламай түзеу және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға жол бермеу мүмкіндігін көрсетеді.

Осыған байланысты сот әрқайсысына 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Екеуіне де жауапкершілік жүктеле отырып, 5 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.

Екеуі де 5 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сондай-ақ, тергеуші «полиция аға лейтенанты» арнаулы атағынан, жедел уәкіл «полиция капитаны» арнаулы атағынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.