Павлодарлықтар Абайдың өлеңдерін бірнеше тілде жатқа оқыды

Ашық аспан астында әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Абай мұрасы – халық даналығы» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттап, жастарды оның өлеңдерін жаттап, терең мазмұнын түсінуге тарту, сондай-ақ, ақын даналығы арқылы адамгершілік құндылықтарды дәріптеу болды.
– Әдеби кеш еркін форматта өтті. Қатысушылар өз еріктерімен шығып, ақынның өлеңдерін түрлі тілде оқыды, – деді Торайғыров кітапханасының баспасөз хатшысы Тілеуберді Сахаба.
Іс-шарада Абай Құнанбайұлының өлеңдері тек қазақ тілінде ғана емес, Айсұлтан Домшат «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін қазақ және түрік тілінде, Айханым Оқасова «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» өлеңін қазақ және қытай тілінде, Маржан Бахтиярова ақын өлеңін ағылшын тілінде оқыса, Абылайхан Қайролла француз тіліндегі нұсқасын ұсынды.
– Аударма нұсқалар арқылы Абай поэзиясы өзге ұлт өкілдері мен шет тілінде оқитын жастарға да жақындай түспек, – деді ұйымдастырушылар.
Кеш барысында дәстүрлі әнші Әсел Ботаева Абайдың әндерін нақышына келтіре орындап, көрерменге рухани әсер сыйлады.
– Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ, – деген Абай даналығы кештің жалпы атмосферасына тұтас ой салды, – деді Тілеуберді Сахаба.
Кешті Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырды. Шараға кітапхана оқырмандары мен шығармашылық жастар белсенді қатысты.