Шыршалардың қоқысын қалдырған павлодарлықтар қандай жазаға тартылады?

Шыршалардың қоқысын қалдырған павлодарлықтар қандай жазаға тартылады?
Фото: pexels.com

Кәсіпкерлер қоршаған орта ластанып кетпес үшін сауда нүктелерінде мерекеден кейін қалып қойған шыршалардың қалдықтарын жинауға міндетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың сөзінше, жеті кәсіпкер қылқан жапырақты ағаштарды сату үшін рұқсат алып, инспекцияда тіркелді. Барлығы 6050 қарағай, 200 шырша және 150 пихта әкелінді. Сондай-ақ, жергілікті бизнес өкілі Жетекші ауылының жанында орналасқан «Дендра» ЖШС жеке орман тәлімбағында мың түп қарағай өсірді. 

– Ол кәсіпкер бес жыл бұрын бұл іспен айналысқан болатын. Биыл екпелердің сапалық құрамын жақсарту мақсатында ағаштарды кесті, – деді Руслан Төлепбаев. – Әр кәсіпкер сатылымға шығарған шыршасы үшін өз бағасын орнатады. Былтыр 5 мыңға жуық шырша әкелінсе, оның екі мың данасы сатылмай қалды. Ал биыл әкелінген шыршалардың саны артып отыр. Өтімі қалай болатынын біз білмейміз. Қазіргі таңда көбінесе жасанды шыршаларға көшіп жатқандар көп.

Оның сөзінше, Жаңа жылдан кейін сату орындарында шыршаларды қалдырып кеткен кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 

ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ, инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша бірінші рет ескерту жасалады, ал қайталама бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 20 АЕК айыппұл салынады. Былтыр осы баппен жазаланған бірқатар кәсіпкер болды. Сондықтан шырша сатып жүрген азаматтар қоршаған ортаны ластамай, қалдықтарды қоқысқа тастау керек. 

Айта кету керек, инспекция күн сайын Жаңа жылдық шыршаларды сату орындарына мониторинг жүргізеді. Тиімді бақылауды қамтамасыз ету үшін 44 мобильді топ және 10 бақылау бекеті ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу фактілері тіркелген жоқ.