Павлодар құтқарушылары өрт кезінде әрекет ету тәртібін түсіндіреді

Павлодар құтқарушылары өрт кезінде әрекет ету тәртібін түсіндіреді
Фото: Әсет Темірбаев

Дұрыс қадам көлікті толық сақтап қалуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Асқар Бүркітбаев автокөлік өрті кезінде ең маңыздысы – сабыр сақтап, нақты әрекет ету керектігін айтты.

Маман тәжірибесінде болған бір жағдайды мысалға келтірді. Көршісінің автотұрақта тұрған көлігінің капотының астынан қою түтін шығып, қозғалтқыш үстіндегі қысқы көрпенің тұтанғанын байқаған. Ол дереу көрпені алып тастап, аккумулятор қуатының қысқышын ажыратқан. Ал көлік иесі 101 қызметіне хабарласқан. Өрт сөндірушілер жеткенше жалын тоқтатылып, от салонға жайылмаған. Тек қозғалтқыш бөлігіндегі кейбір бөлшектер зақымданған.

– Автокөлік жанған кезде ең бастысы – үрейге бой алдырмау. Міндетті түрде 101 қызметіне хабарласып, қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет, – деді Асқар Бүркітбаев.

Оның айтуынша, өрттің алғашқы белгілері байқалғанда алдымен қозғалтқышты өшіріп, мүмкіндік болса машинаны жол жиегіне немесе басқа көліктерге қауіп төндірмейтін орынға қою керек. Жалын күшейген жағдайда адамдарды көліктен тез арада шығару қажет.

Газ-баллон жабдығы орнатылған көліктерде ең әуелі газ баллонының вентилін жабу керек. Ал салонда бала немесе өздігінен шыға алмайтын адам болса, жүргізуші көлікті тоқтатып, есіктерді ашып, жолаушыларды қауіпсіз жерге шығаруға міндетті.

Асқар Бүркітбаев өрт сөндіргішті дұрыс қолданудың маңызын да атап өтті. Құрылғыны іске қосу үшін алдымен сақтандырғыш шегесін суырып, ағынды тікелей жалын шыққан жерге бағыттау керек. Өрт сөндіргішті үздіксіз ұзақ басқаннан гөрі, қысқа аралықтармен пайдаланған тиімді.

Егер капот астынан тек қою түтін байқалса, оны ашу туралы шешім жағдайға байланысты қабылдануы тиіс. Адам өртті өзі тоқтата алатынына сенімді болған жағдайда ғана әрекет жасағаны дұрыс. Ал иесі жоқ көліктен өрт шықса, куәгерлер дереу 101 қызметіне хабарлап, мамандардың келуін күткені жөн.