Павлодарда волонтерлер бас қосып, жаңа бастамаларды талқылады

Павлодарда волонтерлер бас қосып, жаңа бастамаларды талқылады
Фото: Амира Жартекей

Жастар бастамаларын дамыту орталығында «VOLONTEER-FORUM» облыстық волонтерлер форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Форумның негізгі мақсаты – волонтерлік қызметтің түрлі бағыттарының қоғамдағы маңызын, әлеуметтік дамуға қосатын үлесін және жастарды қоғамдық бастамаларға тартудағы рөлін талқылау болды.

Іс-шараға волонтерлік ұйымдардың өкілдері, жастар бірлестіктері, мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік жобалар мен серіктес ұйымдардың мүшелері қатысты. Форумға облыстың қала-аудандарынан шамамен 80 адам жиналды.

Павлодар облысының волонтерлер фронт-офисі басшысының міндетін атқарушы Тамирис Бесенованың айтуынша, форум аясында волонтерліктің түрлі бағыттары таныстырылды.

– Форумның негізгі мақсаты – волонтерліктің барлық бағытын көрсету. Атап айтқанда, эковолонтерлік, зооволонтерлік, әлеуметтік, инклюзивті және басқа да бағыттар қамтылды. Мұндай алаңдар жастардың жаңа бастамалармен танысып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді, – деді ол.

Форум бағдарламасына түрлі волонтерлік ұйымдар өкілдерінің баяндамалары, презентациялар мен тәжірибе алмасу кездесулері енді. Пленарлық бөлім барысында қатысушылар қазіргі қоғамдағы волонтерліктің рөлі мен азаматтық белсенділікті дамытудағы еріктілер қызметінің маңызын талқылады.

Сондай-ақ форумның тақырыптық секцияларында әлеуметтік, экологиялық, оқиғалық, медиа және digital-волонтерлік, инклюзивті бастамалар мен жастар жобалары сөз болды. Спикерлер өздерінің табысты тәжірибелерімен бөлісіп, түрлі жобаларды жүзеге асыру жолдарын таныстырды.

Тамирис Бесенованың айтуынша, мұндай форумдар жыл сайын өткізіліп келеді. Тек оның тақырыптары мен мақсаттары өзгеріп отырады.

– Кейбір еріктілер тек сенбіліктер ұйымдастыру немесе қарттарға көмек көрсетумен шектелуі мүмкін. Бірақ волонтерліктің мәдени, әлеуметтік, оқиғалық бағыттары да бар. Сондықтан бұл форум жаңа қатысушылардың барлық бағытпен танысуына мүмкіндік береді, – деді ол.

Форумға қатысқан «Замандас ардагерлер» қоғамдық қоры директоры Нұрбану Әмірғалиева волонтерліктің қоғамдағы орнына тоқталды.

– Волонтерлік – қазақ халқының бойына сіңген қасиет. Бүгінгі форум біз үшін ерекше алаң болды. Мұнда бір-бірімізбен танысып, тәжірибе бөлісіп, ортақ мақсат жолында біріктік. Осындай кездесулер жастар мен аға буын арасындағы байланысты нығайтып, мейірім мен жанашырлықты арттыра түседі, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қазіргі таңда Павлодар облысында 68 белсенді волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Ал өңірдегі еріктілер саны шамамен үш мыңға жуық.