Павлодарда оқушылар кардиолог дәрігерлердің жұмысымен танысты

Павлодарда оқушылар кардиолог дәрігерлердің жұмысымен танысты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық кардиология орталығында кәсіби бағдар беру экскурсиясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара «BB: Bolashaqqa Bagdar» жобасы аясында ұйымдастырылып, қатысушылар жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу және емдеу тәсілдері туралы мағлұмат алды.

Оқушылар УДЗ және МРТ кабинеттерін аралап, диагностика әдістері туралы жан-жақты ақпарат алды. Сондай-ақ, операциялық бөлмені онлайн тамашалап, оның жабдықтарымен танысты. Реанимация бөліміне барып, жедел медициналық көмек көрсету қағидалары түсіндірілді.

Шәкірттерге кардиология саласының маңызы, аурулардың алдын алу жолдары және заманауи диагностика мен емдеу әдістері туралы айтылды. Дәрігерлер өз мамандықтарының ерекшеліктері туралы баяндап, болашақ медицина қызметкерлеріне қойылатын талаптар жайлы сұрақтарға жауап берді.